Маңғыстау облысында былтыр үш баласы иіс тиіп қайтыс болған 51 жастағы Күмісай Палекеева тағы да сәби сүйді. Бұл туралы жергілікті Lada.kz басылымы жазды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Перзентхана мәліметінше, нәрестенің салмағы 3400 грамм, бойы 52 сантиметр. Әйелге кесарь тілігі жасалған. Жүктілік кезінде ешқандай асқыну болмаған. Қазір анасы мен сәбиінің жағдайы жақсы.
Қызға Ария деген есім берілген. Бұл есімді әкесі таңдаған.
Әйелдің сөзінше, ол ЭКҰ арқылы өміріне жаңа үміт сыйлап, бос қалған үйге қайтадан шаттық әкелгісі келген. Отбасы басынан өткен қайғылы оқиғадан кейін клиника сыйлаған сертификаттың арқасында процедурадан тегін өткен. Биыл қыркүйекте ерлі-зайыпты 13 жастағы ұл баланы да асырап алған.
Еске салайық, қайғылы оқиға Мұнайлы ауданы Қаламқас тұрғын алабында болған. Ерлі-зайыптының үш баласы иіс тию салдарынан көз жұмған.