Үш еселенген тосынсый: алматылық әйел үшем күтіп жүргенін жақындарынан босанғанға дейін жасырған

Үш еселенген тосынсый: алматылық әйел үшем күтіп жүргенін жақындарынан босанғанға дейін жасырған
Алматы қаласындағы №1 қалалық перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі

30 жастағы алматылық Ләззат Жарастың отбасында қуаныш үш еселенді! 6 қарашада Алматы қаласындағы №1 қалалық перинаталдық орталықта ол үш қызды дүниеге әкелді. Сәбилер жүктіліктің 34-аптасында, мерзімінен бұрын, шұғыл кесарь тілігі арқылы дүниеге келді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Көпұрықты жүктілік пен медициналық көрсеткіштерді ескере отырып, дәрігерлер шұғыл босандыру туралы шешім қабылдаған. Ота сәтті өтті. Небәрі бір минут айырмашылықпен үш сәби өмірге келді:

  • Сағат 03:03-те - бірінші қыз, салмағы 2073 грамм.
  • Сағат 03:04-те - екінші қыз, салмағы 1723 грамм.
  • Сағат 03:05-те - үшінші қыз, салмағы 2431 грамм.

Ата-анасы қыздарына Әлсия, Аюми және Айла деген есімдер қойды. 

Мерзімінен бұрын дүниеге келгендіктен, сәбилерге неонатолог дәрігерлердің көмегі қажет болды. Өмірлерінің алғашқы күндерін олар жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімінде өткізді. 12 қарашадан бастап қыздар жаңа туған нәрестелер бөліміне ауыстырылды.

Бұл - 2026 жылдың басынан бері Алматы қаласындағы №1 қалалық перинаталдық орталықта дүниеге келген бесінші үшем.

Бұл оқиғаның тағы бір таңғаларлық тұсы бар. Ләззат үшем күтіп жүргенін қыздары дүниеге келгенге дейін ешкімге айтпаған. Ал үйде оны тағы үш баласы - бір ұлы мен екі қызы күтіп отыр.