ҚазҰУ-да студент қыз өзіне дене жарақатын салған

ҚазҰУ-да студент қыз өзіне дене жарақатын салған
Фото: Viktoriya Skorikova/Getty Images

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студент қыздың өзіне дене жарақатын салу дерегі тіркелді. Оқиғаны полиция растады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Басылымның мәліметінше, оқиға университеттің механика-математика факультетінде болған. Алдын ала ақпарат бойынша, студент қыз медициналық көмек алу үшін №12 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.

Аталған жағдайға қатысты заңгер Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, университет басшылығы мен Ғылым және жоғары білім министрлігінен түсініктеме беруді сұрады. Заңгер өзіне студенттің өміріне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы ақпарат жеткенін айтқан. Алайда ол бұл мәліметтің ресми түрде расталмағанын да атап өтті.

Сонымен қатар Мейірман Шекеев оқу орнындағы студенттерге арналған спорт нысандарының пайдаланылуына қатысты сауал көтеріп, университет әкімшілігін ашық ақпарат беруге шақырды.

Ал Алматы қалалық полиция департаменті студенттің өзіне жеңіл дене жарақатын салғанын растады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студенттің өзіне жеңіл дене жарақатын салу дерегі тіркелді, оған медициналық көмек көрсетілді", – делінген полиция хабарламасында.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Әзірге студенттің бұл әрекетке баруына не себеп болғаны жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ. Сондықтан оқиғаның себептері туралы болжам жасауға негіз жоқ.