Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан қыздың қабірін белгісіз біреулер бірнеше рет тонаған

Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқан қыздың қабірін белгісіз біреулер бірнеше рет тонаған
Видеодан кадр: 31 арна

Қостанайда Ақтау маңындағы AZAL ұшағының апатынан көз жұмған Салимат Жұтаеваның қабірі бірнеше рет ұрылардың нысанасына айналған. Марқұмның туыстары орнатқан бейнебақылау камерасын да белгісіз біреулер ұрлап кеткен, деп dalanews.kz тілшісі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Марқұмның анасы Ұлтуған Жұтаева зираттағы ұрлық әрекеттеріне байланысты журналистерге қайта жүгінуге мәжбүр болған. Оның айтуынша, қызының қабіріне отырғызылған гүлдер мен сәндік бұталар бірнеше рет қолды болған.

Тіпті бір жолы белгісіз адамдар зират басындағы мәрмәр орындықты да алып кетпек болған. Алайда туыстары дер кезінде байқап, оның ұрлануына жол бермеген. Осындай жағдайлар қайталана берген соң отбасы қабір басына бейнебақылау камерасын орнатуды ұйғарған. Бірақ ұрылар камераның өзін де жұлып алып кеткен.

"Біз бұл жерді қорғау үшін бейнекамера орнаттық. Ұрыларды тоқтатады деп ойладық. Бірақ олар камераны түбімен жұлып әкеткен. Абырой болғанда, полиция күдіктіні тапты. Сол адамның көзіне қарап, мұндай әрекетке не үшін барғанын сұрағым келеді. Бұл жерде ешқандай қоршау жоқ, ештеңе қорғалмаған", – дейді марқұмның анасы.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысы болуы мүмкін адам анықталған.

"Полиция қызметкерлері аталған дерекке қатысы болуы ықтимал тұлғаны анықтады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", – деді криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Айри Темірғалиева.

Ал Қостанай ауданының әкімдігі зират аумағын абаттандыруға әзірге қаражат бөлінбегенін хабарлады.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Денис Петрухноның айтуынша, аудандық және облыстық бюджеттен қаржы бөлу туралы өтінімдер ұсынылғанымен, олар мақұлданбаған. Енді бұл мәселені 2027 жылғы бюджет аясында қайта қарастыру жоспарланып отыр.

Марқұмның отбасы құзырлы органдардан зираттағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеуді талап етіп отыр.

Еске сала кетейік, Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының ұшағы 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған болатын.