Ақтөбе гарнизонының әскери соты Ұлттық ұланның бұрынғы полковнигін тұрғын үй өтемақысын заңсыз алу арқылы алаяқтық жасағаны үшін соттады. Мемлекетке келтірілген залал 62,9 млн теңгеден асты. Алайда ол түрмеге қамалмайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот үкіміне сәйкес, бұрынғы полковник Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылған. Алғашында оған 5 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылып, түпкілікті 4 жыл 4 ай 24 күн болып белгіленген. Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабы негізінде бұл жаза шартты деп танылды.
Сонымен қатар сот оны «полковник» әскери атағынан айырды. Жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.
Сот материалдарына сәйкес, әскери қызметші отбасы мүшелерінің санын жасанды түрде көбейту арқылы тұрғын үй өтемақысын заңсыз алған. Ол алты баланы тәрбиелеп отырған әйелге отбасын құру ниетінсіз некеге тұруды ұсынып, бұл үшін 4,5 млн теңге төлеуге уәде берген. Сот құжаттарында әйелдің жаңылыстырылып, ұсынысқа келіскені көрсетілген.
Кейін полковник Ұлттық ұланның тұрғын үй комиссиясына қызметтік баспананы жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы төлеу туралы өтініш берген. Комиссия оған 66 млн теңгеден астам қаражат аударуды мақұлдаған.
Бұдан соң ол ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін Қостанайдан пәтерді формалды түрде сатып алған. Көпбалалы анаға да уәде етілген 4,5 млн теңге берілген.
Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Ұлттық ұлан өкілі мемлекетке келтірілген залалдың өтелгенін мәлімдеп, азаматтық талапты қараусыз қалдыруды өтінген. Жаза түрін белгілеуді соттың қарауына қалдырған.
Сот отырысы ашық өткен. Жәбірленуші тарап ретінде Қазақстанның Ұлттық ұланы танылған.