2026 жылғы 17 желтоқсаннан бастап Ташкент пен Астрахань арасында Атырау арқылы жаңа халықаралық жолаушылар пойызы аптасына бір рет қатынай бастайды. Бұл туралы Өзбекстанның Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
№150 пойыз 17 желтоқсаннан бастап әр бейсенбі күні сағат 18:00-де Ташкенттің орталық теміржол вокзалынан жолға шығады. Сенбі күні сағат 10:00-де Атырауға жетіп, 25 минут аялдағаннан кейін Астраханьға қарай сапарын жалғастырады.
Ал кері бағыттағы №149 пойыз алғашқы рейсін 20 желтоқсанда орындайды. Ол әр жексенбі күні сағат 02:01-де Астраханьнан аттанып, сол күні сағат 13:44-те Атырауға келеді. Осы жерден Ташкентке бағыт алған жолаушылар Өзбекстан астанасына сейсенбі күні сағат 04:35-те жетеді. Атыраудан Ташкентке дейінгі жол шамамен 39 сағатқа созылады.
Пойыз жолай Ганюшкино, Доссор, Мақат, Құлсары, Бейнеу, Нүкіс, Бұхара және Самарқанд станцияларына аялдайды.
Жолаушылар билетті пойыздың жөнелтілуіне 45 тәулік қалғанда сатып ала алады.