ІІМ көлік жүргізу құқығынан айырылғандардың рөлге отыруына қатаң тосқауыл қойып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
5 күнде көлік жүргізу құқығынан айырылған 115 адам қамауға алынған.
Жол қауіпсіздігі әрқайсымызға байланысты. Өкінішке қарай, кейбір жүргізушілер көлік жүргізу құқығынан айырылса да, автокөлік тізгініне отырады. Сот тыйым салса да, олар заңды әдейі бұзып, басқалардың өміріне қауіп төндіреді, - делінген ІІМ хабарламасында.
Соңғы бес күнде полиция осындай 245 жүргізушіні ұстады. Оның 115-і әкімшілік қамаққа алынды, 130-на айыппұл салынды. 245 көліктің бәрі арнайы айып тұрағына қойылды.
ІІМ құқығынан айырылған жүргізуші көлік тізгініне отыра алмайтынын ескертті.
Ешқандай ерекшелік жоқ. Полиция мұндай жүргізушілерге қатаң шара қолданады. Бұл жай ғана қағида емес. Бұл адамдардың өмірі мен қауіпсіздігі, - делінген ІІМ хабарламасында.