Данияр Мейрханға қатысты сот үкімі шықты

Данияр Мейрханға қатысты сот үкімі шықты
gov.kz

Астанада Ішкі істер министрлігіне қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің бұрынғы төрағасы Данияр Мейрханға қатысты сот үкімі шықты. Ол жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу бабы бойынша кінәлі деп танылып, айыппұл төлеуге міндеттелді. Ішкі істер министрлігі бұрынғы басшыға қатысты бұдан кейін қандай шара қабылданатынын түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

19 қарашада Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Данияр Мейрханды Қылмыстық кодекстің 123-бабының 1-бөлігі, яғни «Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу» бабы бойынша кінәлі деп таныды.

Сот оған 1 500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, яғни 6 миллион 487 мың 500 теңге айыппұл тағайындады.

Астана қалалық сотының баспасөз қызметі істің жабық сот отырысында қаралғанын хабарлады. Сондай-ақ үкімнің әлі заңды күшіне енбегенін мәлімдеді. Бұл оқиға 2026 жылдың сәуірінде қоғамға белгілі болды. Сол кезде әлеуметтік желілерде Данияр Мейрханның үстінен қызметкерлер шағым түсіргені туралы ақпарат тараған еді.

Жарияланым авторлары полиция басшысын қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және қызметкер әйелге тиісіп, қысым көрсетті деп күдіктенгенін жазды. Сондай-ақ оның 20 бағынысты қызметкері ұжымдық арыз түсіргені хабарланды.

Ішкі істер министрлігі қызметкерлерден шағым түскенін растады. 8 сәуірде ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов ведомствоның сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Тексеру аяқталғанға дейін Мейрхан қызметінен шеттетілді.

Кейін, 2026 жылдың мамырында ІІМ Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы, яғни «Сталкинг» бойынша Мейрханға қатысты қозғалған қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады.