Пәтер, көлік және техниканы қай кезде алған тиімді? Белгілі блогер кеңесін бөлісті

Пәтер, көлік және техниканы қай кезде алған тиімді? Белгілі блогер кеңесін бөлісті
Фото: видеодан скрин, коллаж: Dalanews

Қазақстандық блогер Қуандық Мағзамов пәтер, автокөлік, тұрмыстық техника және басқа да тауарларды қай уақытта тиімді бағаға сатып алуға болатынын айтты. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында әр тауарға сұраныс төмендейтін кезеңдерді атап, сатып алуды алдын ала жоспарлауға кеңес берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Блогердің айтуынша, пәтер сатып алуға қаңтар айы қолайлы. Бұл кезеңде жылжымайтын мүлікке сұраныс төмендеп, сатушылар бағаны түсіруге бейім болады. Құрылыс компаниялары да түрлі жеңілдік пен акция ұсынуы мүмкін.

"Пәтерді қаңтарда сатып алған тиімді. Сұраныс төмен болғандықтан, сатушылар жеңілдік жасауға ықыласты болады, ал құрылыс компаниялары түрлі акция ұйымдастырады", – деді Қуандық Мағзамов.

Ал автокөлік сатып алуды айдың соңғы күндеріне жоспарлаған жөн. Оның сөзінше, осы уақытта автосалон менеджерлері айлық сату жоспарын орындауға тырысатындықтан, клиенттің қосымша жеңілдік алу мүмкіндігі артады.

Әуе билеттеріне қатысты блогер оларды түнгі уақытта қарастыруға кеңес берді. Ол бұл мезгілде іздеу сұранысы азайып, баға төмендеуі мүмкін екенін айтты. Дегенмен сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні билет арзандайды деген пікірдің нақты расталмағанын ескертті.

"Кейбіреулер билетті сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні сатып алған тиімді дейді. Бірақ бұл – расталмаған ақпарат", – деді ол.

Мағзамов маусымдық тауарларды сұраныс азайған кезде алған тиімді екенін де атап өтті. Оның кеңесіне сәйкес, мотоциклді желтоқсанда, кондиционерді қазан немесе қараша айларында, ал велосипедті қыста сатып алуға болады. Бұл кезеңдерде тауардың өзіне ғана емес, кондиционер орнату қызметіне де баға төмендеуі мүмкін.

Сондай-ақ мектепке қажетті құрал-жабдықтарды қарашада алған жөн. Себебі оқу жылы басталғаннан кейін сұраныс азайып, дүкендер қалған тауарларын жеңілдікпен сатады.

Блогер смартфон мен ноутбук сатып алудың да қолайлы уақытын атады. Оның пікірінше, iPhone-ның бұрынғы үлгілері жаңа модельдер таныстырылатын қыркүйектен кейін, яғни қазан айында арзандайды. Ал ноутбук алуға ақпан айы тиімді болуы мүмкін.

"Ақпанда жаңажылдық сұраныс бәсеңдейді, ал нарық көктемде шығатын жаңа модельдерге дайындала бастайды", – деп түсіндірді Қуандық Мағзамов.