Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ОКҚ алаңында туризм саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, елімізде туристік салада оң өсім байқалады. Негізгі көрсеткіштер жақсарып, оның ұлттық экономикаға қосатын үлесі артып келеді.
"2026 жылдың І жартыжылдығында орналастыру орындарында 5 млн-ға жуық адамға қызмет көрсетілді. Қызмет көлемі 15%-ға артып, 173,7 млрд теңге болды. Бүгінде салада 565 мың адам еңбек етеді. Бұл – Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 6%-ы. Туристік қызметтен түскен салық түсімдері 303 млрд теңгеге жетті. Ал шетелдік туристер елде 1,4 млрд АҚШ долларын жұмсады", – деді ол баспасөз конференциясында.
Сонымен қатар, 2026 жылдың тоғыз айында туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1 трлн 319 млрд теңге болды. Бұл былтырмен салыстырғанда 68%-ға жоғары.