29 жастағы танымал әзілкеш операция кезінде көз жұмды

29 жастағы танымал әзілкеш операция кезінде көз жұмды

Қырғызстандық танымал стендап-комик Элдос Алмазов 29 жасында өмірден өтті. Өнер иесі ұзақ уақыт бойы қатерлі ісікпен күресіп, кезекті операция кезінде қайтыс болған. Қайғылы хабарды оның жақындары әлеуметтік желі арқылы жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Элдос Алмазовтың қазасы туралы ақпарат оның Telegram арнасында жарияланған. Қаралы хабарды әзілкештің немере әпкесі жеткізген. Туысының айтуынша, өнер иесі ұзақ уақыт бойы сүйек тінінің қатерлі ісігі – остеосаркомамен күрескен. Осы уақыт аралығында ол бірнеше мәрте химиотерапия курсынан өтіп, ісікті алып тастау мақсатында хирургиялық операциялар жасатқан. Алайда кезекті ота кезінде әзілкештің өмірі үзілген.

Өнер иесінің жақындары оның қазасы бүкіл отбасы үшін орны толмас ауыр қайғы болғанын жеткізді.

"Кеше операция кезінде Элдостан айырылып қалдық. Бұл бәріміз үшін, әсіресе оның ата-анасы үшін орны толмас қайғы", – делінген Telegram арнасында жарияланған хабарламада.

Элдос Алмазовтың туыстары мен жақындары оның өмірден ерте кеткенін ауыр қабылдап жатқанын мәлімдеген. Жас әзілкеш соңғы уақытқа дейін ауруымен күресіп, денсаулығын қалпына келтіруге үміттенген.

Биыл қазан айында Элдос Алмазов әлеуметтік желідегі оқырмандарына денсаулық жағдайының нашарлағанын хабарлаған еді. Оның айтуынша, кезекті химиотерапия курсынан кейін өзін жайсыз сезіне бастаған. Атап айтқанда, көзі ауырып, басы айналып, жүрегі айныған. Денсаулығының нашарлағаны соншалық, тіпті телефон пайдаланудың өзі қиынға соққан. Сол кезде әзілкеш әлеуметтік желідегі белсенділігін уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Ол оқырмандарынан түсіністік танытып, денсаулығын қалпына келтіру үшін уақыт беруін сұраған.

Элдос Алмазов кім?

Элдос Алмазов – Қырғызстанда дүниеге келген, Ресейдегі стендап жобалары арқылы кеңінен танылған әзілкеш. Ол 29 жасында өмірден өтті. Өнер иесі Қырғызстанның Ош облысында туған.

Генетикалық ерекшелігіне байланысты оның бойы шамамен 130 сантиметр болған. Алайда Элдос бұл ерекшелігін сахнада жасырмай, керісінше, өз әзілдерінің бір бөлігіне айналдыра білген.

Ол көрерменге өзін еркін ұстайтын, өмірдегі түрлі жағдайларды әзілмен жеткізетін комик ретінде танылды.

2018 жылы Элдос Алмазов Мәскеуге қоныс аударған. Ал 2021 жылы Ресейдің ТНТ телеарнасындағы танымал "Открытый микрофон" әзіл-сықақ жобасына қатысқан. Бағдарлама барысында ол белгілі стендап-комик Алексей Щербаковтың командасына қосылып, жартылай финалға дейін жеткен. Осы жоба жас әзілкештің танымалдығын арттырып, оның өнерін кең аудиторияға таныстырды.