Қазақстанда дәрігерлерге бір қабылдау кезінде бірнеше медициналық қызмет көрсетуге рұқсат берілуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі осыған қатысты өзгерістер жобасын жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа тәртіп қабылданса, дәрігер пациентті тексеріп қана қоймай, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекке рецепт жазып, медициналық анықтама беріп, профилактикалық қызметтерді де бірден көрсете алады. Яғни әр қызмет үшін емханаға бөлек жазылып, бірнеше рет барудың қажеті болмайды.
Егер пациент басқа созылмалы ауруы бойынша да жоспарлы тексеруден өтуге тиіс болса, дәрігер оны сол қабылдау кезінде ескере алады. Бұл үшін жеке қабылдау рәсімделмейді.
Дәрігер көрсеткен қызметтер мен жазып берген рецепттер медициналық ақпараттық жүйеге автоматты түрде енгізіледі. Бұл мамандардың құжат толтыруға кететін уақытын қысқартуға тиіс.
Сонымен қатар В және С вирустық гепатиттерін анықтауға арналған тексерулерді, оның ішінде жедел тестілеуді кеңейту көзделген. Қанның ұюы бұзылған және жүйке-бұлшықет аурулары бар пациенттерге МӘМС аясында қолжетімді тексерулер тізімі де нақтыланбақ.
Қосымша талдаулар мен зерттеулер пациенттің денсаулық жағдайына қарай тағайындалады. Ал күрделі жағдайда қандай тексеру қажет екенін бірнеше маман бірлесіп шешеді.
Әзірге бұл өзгерістер күшіне енген жоқ. Бұйрық жобасы 2026 жылғы 4 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауда болады.