Импорттың орнын отандық өнім баса ала ма? Экономист басты кедергілерді атады

Импорттың орнын отандық өнім баса ала ма? Экономист басты кедергілерді атады
Фото: жеке мұрағатынан

Қазақстан импорттан толық бас тарта алмайды. Алайда ірі компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар сатып алатын отандық тауарлардың үлесін қазіргі 17 пайыздан 30-40 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Бұл туралы R-Finance қаржы кеңесшісі, экономист Арман Байғанов Dalanews.kz тілшісіне берген пікірінде айтты.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов елде шығарылатын тауардың орнына импорттық өнім сатып алуды мемлекет мүддесіне қайшы әрекет деп бағалаған еді. Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен өңір әкімдеріне бюджет қаражатына сатып алынатын тауарлар мен материалдарда отандық өнімге басымдық беруді тапсырды.

Арман Байғанов Премьер-министрдің бастамасын қолдайтынын, алайда оны жүзеге асыру кезінде нарықтың нақты мүмкіндіктері ескерілуі тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанда өндірілмейтін жоғары технологиялық жабдықтар мен басқа да күрделі өнімдер бұрынғыдай шетелден жеткізіле береді.

“Бірде-бір мемлекет импорттан толық бас тарта алмайды. Қазақстан да барлық тауар мен қызметті өз ішінде өндіруге әзір емес. Әсіресе жер қойнауын пайдаланушыларға қажетті жоғары технологиялық дайын өнімдердің бір бөлігі әлі де сырттан әкелінеді. Дегенмен қазақстандық кәсіпорындардан сатып алынатын тауарлардың көлемін арттыруға болады. Қазіргі 17 пайыздық көрсеткіш тым төмен. Оны алдағы уақытта кемінде 30–40 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар”, – деді экономист.

Баға мен сапа да ескерілуі керек

Сарапшының айтуынша, отандық тауарға басымдық бергенде жеке бизнестің де мүддесі ескерілуі тиіс. Өйткені ірі компаниялар өнім таңдауда оның бағасы мен сапасына, түр-түрінің жеткілікті болуына және жеткізу талаптарына мән береді.

Байғанов кейбір қазақстандық тауардың импорттық өнімнен қымбат болуы жергілікті кәсіпорындардағы еңбек өнімділігінің төмендігімен байланысты екенін атап өтті.

“Сатып алушы компаниялар баға мен сапаның арақатынасына қарайды. Отандық кәсіпорындардың өнімдері кейде қымбат болуы мүмкін. Бұған еңбек өнімділігінің төмендігі де әсер етеді. Сол себепті жергілікті бизнестің тиімділігін көтеріп, оның шетелдік компаниялармен бәсекеге түсуіне жағдай жасау керек”, – деді ол.

Шағын бизнеске жол ашу қажет

Экономист отандық өнім көлемін ұлғайту үшін шағын және орта кәсіпорындардың Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай дерекқорына тіркелу тәртібін жеңілдетуді ұсынды.

Қазір ресми базаға қызметі расталған 2,7 мыңға жуық кәсіпорын енгізілген. Байғановтың пікірінше, Қазақстандағы нақты өндірушілердің саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Алайда рұқсат беру және өнімнің шыққан жерін растау рәсімдерінің күрделілігі шағын бизнестің ресми базаға енуіне кедергі келтіреді.

“Шағын кәсіпорындардың да бірыңғай дерекқорға енуіне мүмкіндік беру керек. Ол үшін өндірушінің мәртебесі мен өнімнің Қазақстанда шығарылғанын растау тәртібін жеңілдеткен жөн. Бірақ бұл сапаға қойылатын талапты әлсірету деген сөз емес. Өнімнің белгіленген талаптарға сәйкестігі тексеріліп, ақаулы тауар жеткізу қаупі барынша азайтылуға тиіс”, – деді сарапшы.

Салықтық жеңілдік пен сатып алудағы артықшылық

Арман Байғанов отандық кәсіпорындарға мемлекеттік сатып алуға, табиғи монополиялар мен ірі жер қойнауын пайдаланушылардың тендерлеріне қатысу кезінде белгілі бір артықшылық беруді ұсынды.

Оның пікірінше, қазақстандық тауар сатып алатын ірі компанияларды салықтық жеңілдіктер арқылы да ынталандыруға болады. Мұндай шаралар жергілікті өнімге деген сұранысты арттырып, кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайтуына мүмкіндік береді.

“Отандық өндірушілерге тендерлер мен баға ұсыныстарын өткізу кезінде белгілі бір басымдық қарастырылуы мүмкін. Сонымен бірге қазақстандық кәсіпорындардың өнімін сатып алатын ірі жер қойнауын пайдаланушыларға салықтық жеңілдіктер беру тетігін де зерделеуге болады. Ынталандырудың бірнеше әдісін қатар қолдану қажет”, – деді экономист.

Оның айтуынша, ірі компаниялардың тапсырыстарына жергілікті кәсіпорындар көбірек тартылса, өндіріс көлемі ұлғайып, бюджетке түсетін салық мөлшері де артады.

Тендерді тәуелсіз құрылым бақылауы мүмкін

Экономист мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алудың ашықтығын күшейтпей, отандық өнімнің үлесін арттыру қиын болатынын айтты. Оның пікірінше, жабық әрі әділетсіз сатып алу жүйесі шағын және орта бизнестің ірі компаниялармен тең дәрежеде бәсекелесуіне мүмкіндік бермейді.

Байғанов тендерлік өтінімдерді бағалауды тапсырыс берушіге тәуелсіз құрылымға тапсыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Мұндай жағдайда тапсырыс беруші техникалық сипаттаманы әзірлегенімен, өтінімдерді қарау мен жеңімпазды анықтау рәсіміне тікелей ықпал ете алмауға тиіс.

“Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алудың ашықтығын арттыру қажет. Бұл жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, шағын және орта бизнестің ірі компаниялармен бәсекелесуіне жол ашады. Тендерлік өтінімдерді қарауды тәуелсіз үшінші тарапқа беруге болады. Сонда тапсырыс берушінің сатып алу рәсіміне ықпал ету мүмкіндігі шектелер еді”, – деді ол.

Сарапшының пайымынша, өңдеу өнеркәсібінің дамуы отандық өндірушілерге берілетін тапсырысты да көбейтуді талап етеді. Әсіресе квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында қазақстандық кәсіпорындардың үлесін арттыру маңызды.

“Премьер-министр көтерген мәселе орынды. Бірақ бастаманы жүзеге асыру үшін отандық өндірушілердің алдындағы кедергілерді жойып, олардың шетелдік компаниялармен бәсекеге түсуіне жағдай жасау қажет. Сонымен бірге жеткізілетін өнімнің сапасы міндетті түрде талапқа сай болуы керек”, – деп қорытындылады Арман Байғанов.