Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Buyers Union қаржы пирамидасының жұмысын ұйымдастырып, оған басшылық жасады деген күдікке ілінген 5 адамға қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Күдіктілер өз қызметін заңды етіп көрсету үшін тұтыну кооперативі мәртебесін пайдаланған. Ірі бизнес орталықтарынан кеңселер жалдап, өңірлерде бөлімшелер ашқан.
Кеңселер желісі Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Шу, Алматы, Шымкент қалаларында және еліміздің басқа да елді мекендерінде жұмыс істеген.
Әлеуметтік желілер мен интернет платформаларында азаматтарға баспана немесе көлік сатып алу үшін "пайызсыз" қарыз алу, қолданыстағы несиелерін қайта қаржыландыру, Trade-in бағдарламаларын пайдалану мүмкіндігі жарнамаланған.
Алайда қарыз алудың басты шарттарының бірі кооперативке жаңа мүшелер тарту болған. Азаматтар бастапқы үлестік жарнасын төлегеннен кейін кезекке тұрған. Ал кезек жылжуы жаңадан қосылған қатысушылар қанша ақша салғанына байланысты болған.
Осылайша 332 азаматпен жалпы сомасы 562 млн теңгеден асатын келісімшарттар жасалған. Соттың рұқсатымен 6 көлікке, 5 513 USDT және 1 003 Futeres көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.