2026 жылдың басынан бері Қазақстанда терроризм туралы жалған хабар берген 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрліктің мәліметінше, кейбір жасөспірімдер бомба қойылғаны туралы жалған ақпаратты ермек үшін немесе назар аударту мақсатында таратады. Мұндай «әзілдер» мектептерді, ауруханаларды және басқа да мекемелерді эвакуациялауға әкеледі. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар мен арнайы қызметтер жұмылдырылады.
Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Мұндай қылмыс үшін ең ауыр жаза – бес жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Сонымен қатар, кінәлі адамдар төтенше жағдай қызметтерінің жұмыс істеуіне жұмсалған шығындарды өтеуге міндетті.
ІІМ ата-аналарды балалардың интернеттегі әрекеттеріне назар аударып, оларға мұндай әрекеттің салдары ауыр болуы мүмкін екенін түсіндіруге шақырды. Министрлік анонимді мессенджер арқылы жіберілген хабарламаның өзі қылмыстық іске себеп болуы мүмкін екенін ескертті.