Павлодарда автобус жүргізушісін ұрып, бетіне бұрыш баллонын шашқан

Павлодарда автобус жүргізушісін ұрып, бетіне бұрыш баллонын шашқан
Ашық дереккөз

Павлодарда белгісіз ер адам жолаушылар автобусының жүргізушісіне шабуыл жасап, оны ұрып-соғып, бетіне бұрыш баллонын шашқан. Оқиға салдарынан 58 жастағы жүргізуші көзінің химиялық күйігін алған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазір оқиғаға қатысы бар адамды анықтау және ұстау бойынша шаралар жүргізіліп жатыр.

Әлеуметтік желілерде оқиға түсірілген видео тарады. Ондағы ақпаратқа сәйкес, автобусқа мінген жігіт пен қыз жолақы төлеуден бас тартқан. Жүргізушімен сөзге келген жас жігіт артқы алаңнан кабинаға қарай жүгіріп келіп, рөлде отырған ер адамды бірнеше рет жұдырықпен ұрған.

Есін жиған жүргізуші қарсылық көрсетуге тырысқан кезде, шабуыл жасаған адам оның бетіне бұрыш баллонын шашқан. Кейін ол автобустың есігін ашпақ болғанымен, бұл әрекеті сәтсіз аяқталған. Жолаушылардың жабық салонда шабуыл жасаған адаммен бірге қалуы қауіпті болғандықтан, жүргізуші есікті ашқан. Осыдан кейін жігіт пен оның жанындағы қыз автобустан түсіп кеткен.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 58 жастағы жүргізушінің көздің қасаң қабығы мен конъюнктивасы жеңіл дәрежеде химиялық күйік алған. Қажетті емдеу-диагностикалық шаралардан кейін ол тіркелген жері бойынша офтальмологтың амбулаториялық бақылауына жіберілген.