Қазақстанда отбасы институтын нығайту тек бала туу көрсеткішін арттыру немесе әлеуметтік төлемдерді көбейтумен шектелмеуі тиіс. Жас отбасылардың баспанаға қол жеткізуі, ата-аналардың тұрақты жұмыспен қамтылуы, бала тәрбиесіне қолайлы жағдай жасау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – отбасылық саясаттың негізгі бағыттарына айналуы қажет. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы Жомарт Симтиковтің пікірінше, отбасының беріктігі ең алдымен әлеуметтік қауіпсіздікке, экономикалық тұрақтылыққа және отбасы мүшелерінің өзара жауапкершілігіне байланысты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жомарт Симтиков Қазақстандағы отбасылық саясатты кешенді түрде қарастыру қажеттігін айтады. Оның сөзінше, отбасы – қоғамның бастапқы әлеуметтік ұясы ғана емес, ұлттық мәдениет, тарихи жады, адамгершілік қағидаттар мен азаматтық жауапкершілік қалыптасатын негізгі орта.
Сарапшы қазіргі қоғамда отбасының дәстүрлі рөлі сақталғанымен, оның құрылымы мен күнделікті өміріне әсер ететін факторлар көбейгенін атап өтеді. Урбанизация, еңбек көші-қоны, цифрландыру, әлеуметтік желілер, экономикалық тұрақсыздық және өмір салтының өзгеруі отбасылық қатынастарға тікелей ықпал етіп отыр.
Бір жағынан, жастар білім алып, кәсіби тұрғыдан дамуға ұмтылады. Екінші жағынан, баспана мәселесі, тұрақты жұмыстың болмауы, табыстың жеткіліксіздігі және бала тәрбиесіне кететін шығындар жас отбасылардың дербес өмір бастауын қиындатады. Мұндай жағдайлар некеге тұруды кейінге қалдыруға және бала туу жоспарын өзгертуге әсер етуі мүмкін.

Жас отбасыларға қандай қолдау қажет?
Жомарт Симтиковтің пікірінше, мемлекеттің міндеті – жастарды ерте некеге тұруға немесе көпбалалы болуға әкімшілік жолмен ынталандыру емес. Керісінше, олардың саналы түрде отбасы құрып, бала тәрбиелеуіне мүмкіндік беретін әлеуметтік-экономикалық жағдай қалыптастыру маңызды.
Ол үшін жас отбасылардың тұрғын үйге қолжетімділігін кеңейту, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, медициналық қызмет сапасын арттыру және бала күтіміне арналған инфрақұрылымды дамыту қажет.
Сарапшы демографиялық саясатты тек туу көрсеткішімен бағалауға болмайтынын да атап өтеді. Дүниеге келген әрбір баланың денсаулығы, сапалы білім алуы, қауіпсіз ортада өсуі және толыққанды дамуы қамтамасыз етілуі керек.
Осы ретте мемлекеттік қолдау бала туған кезде берілетін бір реттік төлеммен шектелмеуі тиіс. Отбасы баланың дүниеге келген сәтінен бастап оның білім алып, кәсіби маман болып қалыптасуына дейін әлеуметтік қолдаудың тұрақты жүйесін сезінуі қажет.
Әке тәрбиесі – отбасы тұрақтылығының маңызды бөлігі
Саясаттанушы отбасылық құндылықтарды нығайтуда ұлттық тәрбие мен заманауи көзқарастың үйлесуі маңызды екенін айтады. Қазақ қоғамындағы үлкенге құрмет, ата-ана алдындағы парыз, туыстық байланыс және ұрпақ тәрбиесі секілді ұстанымдар бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Алайда дәстүрлі құндылықтарды қазіргі қоғамның өзгерістеріне қарсы қою дұрыс емес. Отбасындағы ер мен әйелдің жауапкершілігі өзара құрмет пен серіктестікке негізделуі керек. Ал бала тәрбиесі тек ананың емес, әкенің де ортақ міндеті ретінде қарастырылғаны жөн.
Сарапшының пайымдауынша, әкелердің тәрбиелік рөлін күшейту, ата-әже институтының әлеуетін пайдалану, жастардың некеге және ата-ана болуға саналы көзқарасын қалыптастыру – отбасылық мәдениетті дамытудың маңызды бағыттары.
Сонымен бірге отбасылық тәрбие ата-ананың беделіне ғана емес, олардың жеке үлгісіне, баламен ашық қарым-қатынасына және баланың тұлғалық ерекшеліктерін құрметтеуге негізделуі тиіс.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзімділік танытуға болмайды
Отбасылық саясаттағы күрделі мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Жомарт Симтиков бұл құбылысты жекелеген отбасының ішкі мәселесі ретінде қарастыруға болмайтынын айтады. Өйткені ол адамның негізгі құқықтарына, қоғамдық қауіпсіздікке және балалардың психологиялық дамуына тікелей әсер етеді.
Зорлық-зомбылық жағдайында өскен балалардың психологиялық дамуына, әлеуметтік мінез-құлқына және болашақтағы отбасылық өміріне кері ықпал ету қаупі бар. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл іске білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелері мен азаматтық қоғам институттары да атсалысуы қажет.
Сарапшы бұл бағытта үш міндетке басымдық беруді ұсынады. Біріншісі – отбасылық жанжалдарды ерте анықтап, психологиялық кеңес беру және құқықтық сауаттылықты арттыру арқылы алдын алу. Екіншісі – жәбірленушілерді қауіпсіз баспанамен, медициналық, психологиялық және заң көмегімен қамтамасыз ету. Үшіншісі – зорлық-зомбылық жасаған адамдардың заң алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету.
«Отбасын сақтау мақсаты зорлық-зомбылыққа төзімділік танытуды білдірмеуі керек» деген ұстанымды алға тартқан сарапшы отбасының беріктігі оның сыртқы формасымен емес, ішкі қауіпсіздігімен және өзара құрметімен өлшенетінін атап өтеді.
Отбасылық саясат жүйелі тәсілді қажет етеді
Жомарт Симтиковтің пікірінше, отбасын қолдау бір ғана мемлекеттік органның міндеті болмауы керек. Бұл бағытта әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, жұмыспен қамту, мәдениет және құқық қорғау салаларының өзара үйлесімді жұмысы қажет.
Сонымен қатар ауыл мен қаладағы отбасылардың әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Инфрақұрылымға, медициналық және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік саясатта бірыңғай қағидаттармен қатар, жергілікті ерекшеліктерді ескеретін шаралар да қарастырылуы тиіс.
Сарапшы отбасылық саясаттың нәтижесін тек демографиялық көрсеткіштер арқылы бағалау жеткіліксіз деп есептейді. Отбасылардың табыс деңгейі, тұрғын үй жағдайы, балалардың білім мен медициналық қызметке қолжетімділігі, ата-аналардың жұмыспен қамтылуы және отбасындағы қауіпсіздік деңгейі де назарда болуы қажет.
Ол отбасылық саясатты жетілдіру үшін ұзақ мерзімді ұлттық тұжырымдаманы дамыту, жас отбасыларды қолдаудың кешенді моделін қалыптастыру, әкелердің жауапкершілігін арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жұмыс берушілерді отбасын қолдау шараларына тарту маңызды екенін айтады.
Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңестер, кәсіби психологтар мен жергілікті қауымдастықтардың бұл іске белсенді қатысуы қажет.
Түйіндей айтқанда, отбасын нығайту тек дәстүрлі құндылықтарды дәріптеумен немесе әлеуметтік төлемдерді арттырумен жүзеге аспайды. Ол үшін экономикалық тұрақтылық, әлеуметтік әділеттілік, құқықтық қорғалу, сапалы тәрбие және отбасы мүшелерінің ортақ жауапкершілігі қатар дамуы керек. Сарапшының пайымынша, отбасы институтына салынған инвестиция – елдің адам капиталына, қоғамдық келісіміне және болашақ ұрпақтың сапалы дамуына салынған ұзақ мерзімді инвестиция.