Apple пайдаланушылары компания сервистері жаппай істен шыққанына шағымданды. Ақау салдарынан Нью-Йорк пен Чикагодағы дүкен қызметкерлері сатып алуды рәсімдеп, клиенттермен кездесуді белгілей алмаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Apple-дің ресми мәліметінше, ақау Apple Business, Apple School Manager, AppleCare, iCloud Mail, Web Apps және SchoolWork сервистеріне әсер еткен. Бұған дейін App Store мен Apple Music жұмысында да іркіліс болғаны хабарланды.
Компания өкілінің айтуынша, ақауға ішкі жаңарту себеп болған. Қазір жүйелердің басым бөлігі қалпына келтірілген, қалған сервистердің жұмысын реттеу жалғасып жатыр.
Бұл жағдай АҚШ-тағы бірқатар ірі сервистің жұмысында ақау болған кезеңмен тұспа-тұс келді. Бұған дейін Chase, Bank of America және Wells Fargo банктерінің жүйелері, United Airlines әуе компаниясының қызметі мен Microsoft-тың сервистері істен шыққан еді. Сондай-ақ, елде әуе рейстері уақытша тоқтатылған.
БАҚ мәліметінше, бұл оқиғалар өзара байланысты емес.