Қазақстанда қазақ тіліндегі сөздерді дұрыс жазу, айту және аудару талаптарын бір жүйеге түсіру жұмысы басталды. Осы мақсатта ғалымдар 19 негізгі сөздік, 9 академиялық аударма сөздігі мен 6 анықтама әзірлемек, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жоба тек емле ережелерімен шектелмейді. Түсіндірме, грамматикалық, этимологиялық және терминологиялық сөздіктер де жаңартылып, сөздер мен ұғымдарды қолдануда кездесетін ала-құлалықты жою көзделіп отыр.
Дайын материалдардың барлығы «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» атты бірыңғай цифрлық платформада тегін жарияланады. Соның арқасында кез келген азамат қазақ сөздерінің дұрыс жазылуын, айтылуын, мағынасын және аудармасын бір жерден тексере алады.
Аталған жоба Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен жиында талқыланды.