Қазіргі геосаяси жағдайда ұлттық қауіпсіздікті нығайту, қорғаныс қабілетін арттыру және әскери технологияларды дамыту әр мемлекет үшін маңызды міндеттердің біріне айналды. Әлемдегі әскери қақтығыстар заманауи соғыс жүргізу тәсілдерін өзгертіп, Қарулы күштерді жаңа талаптарға бейімдеу қажеттігін көрсетіп отыр.
Қазақстан үшін де армияны жаңғырту, отандық қорғаныс өндірісін дамыту, халықаралық әскери ынтымақтастықты жетілдіру және заманауи технологияларды енгізу өзекті. Осы бағыттардағы басымдықтар мен алдағы міндеттер туралы әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовпен сұхбаттастық, деп хабарлайды dalanews.kz.

- Қазіргі геосаяси ахуалды ескерсек, Қазақстан армиясының қорғаныс қабілеті елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға қаншалықты дайын?
– Әлемдегі геосаяси жағдай күрделеніп келеді. Қысқаша тоқталып өтсем, АҚШ-та сайлау өтіп, президенттің әкімшілігі Конгресстің қолдауынан айырылды. Бұл жағдайда әкімшілік сыртқы саясатта болжаған істеріне қаражат бөлінбей қалуы мүмкін. Бірақ та оған қарамай Иран аумағына әуе, теңіз, құрлық әскерін жинап жүр. Иранда соғысқа даярланып жатыр. Таяу Шығыс Йеменнің хуситтерінен соққы алып отыр. Түркия да соғысқа белгілі даярлығы бар. Израильде сайлау аяқталып, Бениамин Натаньяху биліктен айырылып қалды. АҚШ-қа олар көмек көрсетеме әлде көрсетпей ме бұл екіталай болып тұр. Кейінгі кезде АҚШ Ресейге жақын болып кетті, соның сөзін сөйлеп, қолдау көрсетіп жатыр. Ресей АҚШ-тың қолдауын пайдаланып, Украинаға және Европа елдеріне арнаған талаптарын өсіріп жіберді. Осы оқиғалардың салдарынан Украина «Пэтриот» зымырандарға арналған РАС-3 пакеттерісіз, Starshield, Starlink және барлау жүйесіз қалуы әбден мүмкін. Солтүстік және Оңтүстік Корея, Жапония елдері қаруланып жатыр. Қытай еліде қару-жарағын дайындап Тайвань аралының жанында жауынгерлік жаттығуларын жиі өткізіп жүр. Қазіргі уақытта Орталық Азия салыстырмалы түрде тыныш аймақ болғанымен, бұл жағдайдың қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Сондықтан еліміздің Қарулы күштерінің қорғаныс қабілетін арттырып, егемендік пен аумақтық тұтастықты қорғауға дайын болуымыз қажет.
- Украинадағы соғыс пен Таяу Шығыстағы қақтығыстар заманауи соғыс жүргізу тәсілдерін өзгертті. Қазақстан армиясы осы жаңа сын-қатерлерге қаншалықты бейімделіп жатыр?
– Қазақстан Қарулы күштерінде белгілі бір шаралар жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен менің ойымша, қазіргі геосаяси кеңістікте соғыс жүргізу тәсілдері өзгеріп, жаңа қауіп-қатерлер пайда болған кезде бұл шаралардың жеткіліктілігіне күмәнім бар.
Бұл бағыттағы жұмысты жетілдіру қажет. Атап айтқанда, гибридтік соғысқа қарсы тұру үшін Қарулы күштермен қатар арнайы күштік құрылымдардың да мүмкіндіктерін дамыту керек.
Сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін күшейтіп, ғарышта, әуеде және жерде барлау жүргізетін құралдармен қамтамасыз ету маңызды. Радиоэлектрондық күрес, киберқауіпсіздік және қарсыластың стратегиялық нысандарына соққы бере алатын мобильді күштер де қажет.
- Қазақстанның қорғаныс саласындағы шетелдік қару-жарақ пен әскери технологияларға тәуелділігі ұлттық қауіпсіздікке қаншалықты қауіп төндіреді? Отандық әскери өндірісті дамытуда қандай мәселелер бар?
– Басқа елдердің қару-жарағына тәуелді болу өте қауіпті. Қажет болған жағдайда ол мемлекет қару-жарақ жеткізуді тоқтатуы мүмкін. Ресей мен Украина арасындағы соғыс мұндай тәуелділіктің тәуекелдерін көрсетіп отыр.
Бірнеше мемлекеттен қару-жарақ сатып алу да мәселені толық шешпейді. Өйткені әр елдің әскери стандарттары, техникалық регламенттері, оқ-дәрілері мен пайдалану ережелері әртүрлі. Бұл әскери мамандарды даярлау мен техниканы қолдануда қиындық туғызады.
Отандық әскери өндірісті дамыту үшін алдымен елімізге қандай қару-жарақ қажет екенін анықтау керек. Ол үшін әскери-стратегиялық зерттеулер жүргізу қажет. Содан кейін тиісті технологияларды сатып алып қана қоймай, олардың өндірісін, лицензиясын және технологиялық мүмкіндіктерін елімізге көшіру маңызды. Шетелдік мамандардың көмегімен отандық кадрларды даярлап, кейін өз технологияларымызды дамытуымыз керек.
– Қазақстан ҰҚШҰ аясында әскери ынтымақтастық жүргізеді. Бұл ұйымға мүше болу еліміздің қорғаныс қабілетін қаншалықты күшейтеді?
– Менің пікірімше, қазіргі уақытта ҰҚШҰ-ға мүшеліктің Қазақстан үшін пайдасы аз, ал белгілі бір шектеулері бар.
Ұйым 1992 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін жаңадан тәуелсіздік алған мемлекеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Ол кезде кейбір елдердің өз армиясы жеткілікті деңгейде қалыптаспаған еді. Сондықтан ҰҚШҰ бастапқы кезеңде қауіпсіздікке қатысты психологиялық сенім қалыптастырды.
Алайда бүгінгі жағдайда бұл ұйым мүше мемлекеттердің дербес әскери саясатына, қару-жарақ таңдауына және өз стандарттарын қалыптастыруына кедергі келтіруі мүмкін. Менің ойымша, ҰҚШҰ қазіргі міндеттерін толық атқарып отырған жоқ.
– Дрондар, жасанды интеллект және кибершабуылдар қазіргі соғыстарда маңызды рөл атқара бастады. Қазақстан армиясы бұл технологияларды енгізу бойынша қандай деңгейде?
– Дрондар мен жасанды интеллектінің рөлін шектен тыс бағалаудың қажеті жоқ. Олардың да осал тұстары бар. Мысалы, Украинадағы соғыс ұшқышсыз аппараттардың спутниктік байланыс пен навигациялық жүйелерге тәуелді екенін көрсетті. Байланыс пен навигацияға кедергі келтірілсе, дрондардың тиімділігі төмендейді.
Жасанды интеллект те әзірге толық дербес жүйе емес. Оның жұмысы мамандар әзірлеген алгоритмдер мен оқыту процестеріне байланысты. Қарсылас жасанды интеллектінің осал тұстарын пайдаланып, жалған нысаналар арқылы оның жұмысын тиімсіз етуі мүмкін.
Ал кибершабуылдар шынымен де маңызды қауіптердің біріне айналып отыр. Интернетті өшірмей-ақ, желіге қосылған жүйелерге шабуыл жасап, қарсыластың ақпараттық инфрақұрылымына зиян келтіруге болады. Жасанды интеллект дамыған сайын киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету де күрделене түседі.
Менің пайымдауымша, Қазақстан Қарулы күштерінің дрондар, ұшқышсыз аппараттар, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік саласындағы әлеуеті әзірге жоғары деңгейде емес. Бұл бағыттарды одан әрі дамыту қажет.
– Қазақстан армиясының жауынгерлік дайындығы мен кәсіби деңгейін арттыру үшін қандай жүйелі өзгерістер қажет?
– Ең алдымен, елімізге төнуі мүмкін қауіп-қатерлер мен тәуекелдердің тізімін жасау қажет. Әрбір қауіптің қандай сценарий бойынша туындауы мүмкін екенін, ықтимал қарсыластар мен одақтастарды анықтау керек.
Содан кейін ықтимал әскери жағдайларда Қарулы күштеріміз қандай әрекет жасауы тиіс екенін жоспарлаған жөн. Қандай операцияға қандай қару-жарақ қажет болатыны, оны меңгеретін мамандарды қалай даярлау керектігі де осы жоспарға сәйкес айқындалуы тиіс.
Сіз айтқан жүйелі өзгерістер өте маңызды. Жүйе өздігінен жұмыс істеп, оның барлық бөлігі бір-бірімен байланыста болуы керек. Сонда әрбір жұмысты қайта-қайта сырттан ынталандырып отырудың қажеті болмайды. Құрылған механизм тұрақты жұмыс істеп, оны тек бақылап отыру жеткілікті. Меніңше, қызметті осылай ұйымдастыру қажет.