Солтүстік Кипрдегі мүліктен бас тартқан қазақстандық Конституциялық сотқа жүгінуге мәжбүр болды

Солтүстік Кипрдегі мүліктен бас тартқан қазақстандық Конституциялық сотқа жүгінуге мәжбүр болды
жи: dalanews

Қазақстанда ажырасқан ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлуге қатысты дау Конституциялық сотқа дейін жетті. Бұрынғы ерлі-зайыптылардың бірі Солтүстік Кипр аумағында бірлесіп жинаған мүліктегі өз үлесінен бас тартқан. Алайда апелляциялық сот бұл құжатты дәлел ретінде қабылдамаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Соттың мұндай шешім шығаруына құжаттың Қазақстанда заңдастырылмағаны себеп болған.

Бұған келіспеген азамат Конституциялық сотқа жүгініп, 1961 жылғы Гаага конвенциясына сілтеме жасаған. Аталған халықаралық келісімге сәйкес, оған қатысушы мемлекеттердің ресми құжаттарын консулдық заңдастырусыз пайдалануға болады. Ол үшін құжатқа апостиль қою жеткілікті.

Алайда Конституциялық сот өтініш берушінің қолданыстағы заңдастыру тәртібіне емес, нақты азаматтық іс бойынша шығарылған сот шешіміне дау айтып отырғанын түсіндірді.

Соттың мәліметінше, дәлелдемелерді тексеру, халықаралық шарттарды қолдану және сот шешімдерінің заңдылығын бағалау Конституциялық соттың құзыретіне кірмейді. Мұндай мәселелерді тиісті істі қарайтын соттар шешуі керек.

Айта кетейік, Қазақстан Солтүстік Кипр Түрік Республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде мойындамайды. Оның тәуелсіздігін тек Түркия ғана мойындаған.