Қазақстанда жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайтын 125 өндірістік жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін қалған жобаларды да пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, биылғы он айда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9,3%-ға өскен. Жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа жобаны іске қосу көзделіп отыр.
Олардың жүзеге асуы нәтижесінде 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның 5,5 мыңы ауылдық жерлерге тиесілі болады.
Жобалар толық өндірістік қуатына шыққан кезде жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, оның 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады.
Жаңа кәсіпорындар Қазақстанда бұрын өндірілмеген өнім түрлерін шығаруға мүмкіндік береді. Олардың қатарында теміржол бандаждары мен тісті доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар.