Қазақстанда Балқаш пен Ақтоғай қалаларында әрқайсысының қуаты жылына 300 мың тонна болатын екі мыс балқыту зауытын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің мәліметінше, қазір елде өндірілетін 3,4 млн тонна мыс концентратының шамамен 59%-ы ғана Қазақстанда өңделеді. Қалған шикізатты ел ішінде терең өңдеу үшін заңнаманы жетілдіру және жаңа өндірістік қуаттарды дамыту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар мыс концентратын өндіруді арттыру мақсатында Көксай және Айдарлы жобалары іске асырылады. Олар қосымша 1,7 млн тонна мыс концентратын өндіруге мүмкіндік береді.
Жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай мыс концентратын өндіру көлемі 1,5 есеге, ал мыс өндіру екі есеге артады. Дайын мыс өнімдерін шығару көлемін екі есеге ұлғайтып, 40 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр.