Қытаймен жаңа теміржол өткелі Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырады. Оны іске қосқанда нені ескеру керек?

Қытаймен жаңа теміржол өткелі Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырады. Оны іске қосқанда нені ескеру керек?
ЖИ: Dalanews.kz

Қазақстан Бақты – Аягөз теміржол желісі мен Қытай шекарасындағы үшінші теміржол өткелін салып жатыр. Жаңа желіні 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Оның өткізу қабілеті жылына 20 миллион тонна жүкке жетеді деп күтілуде. Бұл қолданыстағы өткелдерге түсетін жүктемені азайтып, қазақстандық экспорттаушылардың мүмкіндігін кеңейтуге және қосымша транзиттік жүк ағынын тартуға жол ашады.

Қытаймен шекарадағы өткізу қабілетінің артуы Қазақстанның түрлі бағыттағы жүк тасымалы мүмкіндігін кеңейтеді. Соның бірі – жүктерді Еуропаға жеткізу. Еуропалық одақ Азиямен көлік байланысын дамытуға, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалды арттыруға мүдделі. Алайда жүк жөнелтушілер үшін белгілі бір бағыттың болуы ғана жеткіліксіз. Олар жүктің қанша уақытта және қандай шығынмен жеткізілетінін, сондай-ақ оның қай жерде келе жатқанын алдын ала білуі керек. Шекарадағы жаңа мүмкіндіктерді Қазақстанның бүкіл логистика жүйесі үшін тиімді ету үшін не істеу керек? Бұл сұраққа Qazaq Expert Club логистика жөніндегі сарапшысы Айнұр Дивеева жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, «Шекаралық өткелдің өткізу қабілетінің артуы бүкіл теміржол желісі осынша жүкті автоматты түрде қабылдап, тасымалдай алады дегенді білдірмейді. Шекарадан кейінгі бүкіл бағытты ескеру қажет: локомотивтер мен вагондар жеткілікті ме, станциялар ұзын құрамды пойыздарды қабылдап, өңдей ала ма, терминалдардың қуаты мен ішкі теміржол учаскелерінің өткізу мүмкіндігі жете ме – осының бәрін тексеру керек».

Мәселенің ауқымын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) зерттеуінен де көруге болады. Онда «Қазақстан темір жолы» компаниясының бағалауы келтірілген. Соған сәйкес, Қазақстан теміржол желісіндегі станциялар мен жол айрықтарының шамамен 60 пайызы ұзын құрамды жүк пойыздарын қабылдай алмайды. Бұл көрсеткіш тек Бақты – Аягөз желісіне емес, бүкіл теміржол желісіне қатысты. Дегенмен ол шекаралық өткелдерді дамыту не себепті теміржолдың басқа учаскелерін жаңғыртумен қатар жүргізілуі керегін көрсетеді.

«Алдағы негізгі мәселе жүктерді Қытай шекарасы арқылы өткізу емес, оларды Қазақстан аумағымен әрі қарай жеткізу болады. Жүк кіретін тұста жаңа мүмкіндіктер ашып, ал шығатын бағыттағы өткізу қабілетін арттыруды ұмытпауымыз керек», – дейді Дивеева.

Жүктің әрі қарайғы бағыты оны жөнелтушінің таңдауына байланысты. Каспий теңізі арқылы тасымалдау кезінде теміржол бағытына порттар мен теңіз көлігі де қосылады. ЭЫДҰ зерттеуінде Транскаспий бағытының Қазақстан аумағындағы негізгі кедергілерінің бірі ретінде Ақтау және Құрық порттарындағы кемелер мен мультимодальды инфрақұрылымның жеткіліксіздігі аталған.

«Жүк жөнелтуші жеткізу құнын, оның қанша уақыт алатынын және жүктің қай жерде келе жатқанын алдын ала білуі керек. Еуропалық бизнес үшін бағыт таңдаудағы басты өлшемдердің бірі – тасымалдың болжамды әрі тұрақты болуы», – деп түсіндіреді сарапшы.

Оның пікірінше, бұл үшін бірыңғай цифрлық құжаттар жүйесі, теміржол әкімшіліктері мен кеден органдары арасында деректер алмасу, келісілген тарифтер және шекарадан өту тәртібінің ашық болуы қажет.

Бақты – Аягөз теміржол желісі Қазақстанның Қытай шекарасындағы көлік мүмкіндіктерін кеңейтеді. Алайда оның әлеуетін толық пайдалану үшін жүктерді әрі қарай тасымалдауға жағдай жасау керек. Ол үшін теміржол учаскелерін, станцияларды, вагондар мен локомотивтерді, сондай-ақ терминалдарды дайындау маңызды. Сонда шекарадағы өткізу мүмкіндігінің артуы жүктің соңғы межелі жеріне дейін сенімді жеткізілуіне де ықпал етеді.