Бір аптаға - 60 млн теңге: Түркістанда оқу сапарына қатысты дау шықты

Бір аптаға - 60 млн теңге: Түркістанда оқу сапарына қатысты дау шықты
Фото: ЖИ

Түркістан облысындағы бірқатар мемлекеттік медицина ұйымы қызметкерлерінің Лондондағы бір апталық оқуына шамамен 60 млн теңге жұмсаған. Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметке сүйенсек, келісімдер конкурс өткізілмей, бір көзден сатып алу тәсілімен жасалған, деп хабарлайды dalanews.kz. 

Facebook қолданушысы Жақып Шәмшиевтің жазуынша, 2026 жылғы 5-12 қыркүйек аралығында өткен оқу сапарын ұйымдастыруға Түркістан облысының бірнеше медициналық мекемесі қатысқан. Келісімдер "AlmaEco" ЖШС-мен жасалғаны көрсетілген.

Жарияланым авторы бір мекеме бойынша келісім құны 5 млн 837 мың теңгені құрағанын, ал жалпы сомасы 60 млн теңгеге жуықтағанын алға тартады. Оның есебінше, бір қатысушының Лондондағы бір апталық сапарына шамамен 6,9 млн теңге, яғни 15,5 мың доллар жұмсалған.

Қандай медициналық ұйымдар аталды?

Жарияланған мәліметке сәйкес, бір көзден сатып алу тәсілімен келісім жасаған мекемелер қатарында Мақтаарал аудандық «Атакент» ауруханасы, Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы, Түркістан облыстық балалар ауруханасы, №3 облыстық перинаталдық орталық, облыстық офтальмологиялық аурухана, Түркістан қалалық балалар ауруханасы, Кентау қалалық емханасы, Отырар аудандық орталық ауруханасы, №1 облыстық перинаталдық орталық және Түркістан қалалық емханасы аталған.

Автордың айтуынша, осы медициналық ұйымдардың басшылары Лондонға барып, медициналық мекемелерді басқару, сондай-ақ ана мен бала денсаулығын қорғау бағыттарында білім алған.

"Сапарға Түркістан облысындағы он медициналық ұйымның басшысы қатысқан. Олардың әрқайсысының Лондондағы бір апталық оқуына мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат жұмсалды", – деп жазды Жақып Шәмшиев.

Бұдан әлдеқайда арзан ұсыныс болған

Жақып Шәмшиев өзі өкілдік ететін ұйымның Лондонда 2006 жылдан бері медициналық мамандардың біліктілігін арттыру бағдарламаларын ұйымдастырып келе жатқанын жазған.

Ол бұған дейін Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына дәрігерлер мен медбикелерді оқыту жөнінде бірнеше коммерциялық ұсыныс жіберілгенін мәлімдеді. Солардың бірінде Лондондағы бір апталық курс барлық шығынды қоса есептегенде бір адамға 4 450 фунт стерлингке ұсынылған.

Автор қазіргі келісімдердегі шығын бұдан едәуір жоғары екенін айтып, қаражаттың тиімді жұмсалуына күмән келтіреді.

"Біздің ұсынысымыз бойынша он адамның Лондондағы оқуына 44 500 фунт қажет еді. Ал мемлекеттік ұйымдар дәл осындай сапарға 100 942 фунт жұмсаған. Айырмасы – 56 442 фунт", – деп жазды ол.

Оның есебінше, бұл айырма теңгеге шаққанда ондаған миллионға жетеді.

Бұрынғы сапарды мысалға келтірді

Жарияланым авторы Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының қазіргі басшысы Асхан Байдуәлиевтің 2013 жылы Ұлыбританияда екі апталық "Денсаулық сақтау менеджменті" курсына қатысқанын да еске салды. Ол кезде Байдуәлиев Алматы облысындағы Қарасай аудандық орталық ауруханасын басқарған.

Жақып Шәмшиевтің айтуынша, аталған екі апталық бағдарлама құны қазіргі бір апталық сапардан шамамен үш есе арзан болған.

"2013 жылы Асхан Байдуәлиев Лондонда екі апта оқыды. Сол кездегі шығын қазір әр қатысушының бір аптасына төленген сомадан әлдеқайда аз еді. Бір апталық сапар 7 млн теңгеге жуық тұрмауға тиіс", – дейді жазба авторы.

Сатып алу тәсіліне қатысты сауал туындады

Жарияланымда медициналық ұйымдардың шарттарды ашық конкурссыз, бір көзден сатып алу тәсілімен рәсімдегені айтылған. Автор қызмет көрсетуші компанияның бұған дейін Ұлыбританияда медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын ұйымдастырған тәжірибесіне де күмән келтіреді.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу порталында қызметтің орындалғаны көрсетілгенімен, сапардан түсірілген фото немесе оқу бағдарламасының нәтижелері ашық жарияланбағанын алға тартады.

"Егер қызмет расымен көрсетілсе, оның бағдарламасы, қатысушылар тізімі мен қорытындысы неге ашық жарияланбаған? Ал сапар болмаған жағдайда, 60 млн теңгелік шарттардың тағдыры не болды?" – деп сауал тастады Жақып Шәмшиев.