Астаналық «Барыс» пен магнитогорскілік «Металлург» командалары арасындағы хоккей матчы кезінде шайба мұз айдынынан ұшып шығып, жанкүйердің басына тиген. Салдарынан ер адамның басы жарылып, қан кеткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әлеуметтік желі қолданушысы Threads желісінде оқиғаның қалай болғанын баяндаған. Оның айтуынша, шайба тигеннен кейін жарақат алған жанкүйер басынан қан кетіп, «Барыс» командасының шарфымен жарасын басып, қанын тоқтатуға тырысып жүрген.
Оқиғаның куәгері ер адамды тоқтатып, жағдайын сұраған.
«Өзім де аң-таң болдым», – деп жауап берген зардап шеккен жанкүйер.
Жазба авторы мен желі қолданушылары жанкүйердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірген.
Еске салайық, «Барыс» өз алаңында өткен ҚХЛ тұрақты чемпионаты аясындағы матчта «Металлургті» 5:4 есебімен жеңген болатын. Осы жеңістен кейін астаналық команда Шығыс конференциясында 29 ұпаймен бесінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, кездесу тек голдарымен ғана емес, мұз айдынындағы төбелеспен де есте қалды. Матчтың 46-минутында «Барыстың» қорғаушылары Бейбарыс Оразов пен Александр Сиряцкий жұдырықтасып қалған. Екі хоккейшіге де бес минуттан айып уақыты берілді.