Атырау облысында 90 жасқа таяған қария өзін ұрып-соқты деп айыптаған туған ұлының заң алдында жауап беруін талап етіп отыр. Әділхан Сисенов сот отырысына өзі келіп, кенже баласының әрекетінен кейін денсаулығы нашарлап, инсульт алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
КТК телеарнасының мәліметінше, Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз ауылының тұрғыны Әділхан Сисенов сот отырысына қатысу үшін көршілес Жылыой ауданына арнайы барған. Қария өзінің 47 жастағы кенже ұлына қатысты қылмыстық істің әділ қаралуын талап етіп отыр.
Жәбірленушінің айтуынша, баласы оны үйге қамап, қол-аяғын скотчпен байлаған. Кейін бірнеше рет басынан ұрып, күш көрсеткен. Қария осы жағдайдан кейін денсаулығы күрт нашарлағанын және инсульт алғанын айтты.
"Төрт айдан бері неге қамамайды? Мені қамағаны, қол-аяғымды байлағаны, тас төбемнен ұра берді. Сол ұрғанның зардабынан инсульт алдым. Басымда ұра бергеннің зардабы жиналды. Ұрып, жығып, бәрін алған да, киім-кешегімді бермей қойды. Қазір балалардың киімін киіп жүрмін", – деді Әділхан Сисенов.
Жәбірленушінің сөзінше, оқиға 2026 жылдың маусым айында болған. Әділхан Сисенов бұған дейін де кенже баласының бірнеше рет күш көрсеткенін, алайда құқық қорғау органдарынан тиісті көмек ала алмағанын мәлімдеді.
Ауылда мәселесінің шешімін таба алмаған қария кейін қалаға барып, журналистерге сұхбат берген. Оның оқиғасы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін қоғамда қызу талқыланып, құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Кейін қарт адамға күш қолдану дерегі бойынша оның кенже ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда айыпталушы қамауға алынбаған.
Іс бойынша айыпталушы – Әділхан Сисеновтің 47 жастағы кенже ұлы. Ол әкесінің қара шаңырағында тұрған. Сот отырысында ер адам өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ал қарияның жақындары сотқа қатысып, жәбірленушінің құқығы қорғалуын және істің әділ қаралуын талап етті.
Туыстарының айтуынша, бұл – аталған қылмыстық іске қатысты үшінші сот отырысы. Олар қарияның денсаулығы біртіндеп жақсарып келе жатқанын жеткізді.
"Сағыз стансасынан келіп тұрмыз. Осымен үшінші рет. Туған ағамыз үшін келіп отырмыз ғой. Қолымен істегенді мойнымен көтерсін. Ағайынның бәрімен қазір араз болдық, осы баланың қылығынан. Ауырып қалып еді, қазір жақсы, есі орнына келіп жатыр. Өткенде микроинсульт алды ғой", – деді жәбірленушінің қарындасы Кенжетай Сисенова.
Әділхан Сисенов бұған дейін құқық қорғау органдарына арызданғанымен, тиісті шара қолданылмағанына шағымданған. Қария кенже ұлының бұрын ішкі істер саласында қызмет еткенін де айтып, осы жағдайдың істің әділ қаралуына әсер етуі мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген. Оның айтуынша, бірнеше ай өтсе де ұлының қамауға алынбауы өзіне түсініксіз. Сондықтан жәбірленуші сотқа өзі келіп, баласының әрекетіне заң аясында баға берілуін талап етіп отыр. Ал туыстары қарияның денсаулығына келген зиянды ескеріп, істің әділ шешілгенін қалайды.