Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі 2027 жылы басшылықты көлікпен қамтамасыз етуге 60,5 млн теңге жұмсауды жоспарлап отыр. Мемлекеттік сатып алу аясында ведомство жүргізушілері бар бизнес немесе өкілдік санатындағы алты седан жалдамақ. Әлеуетті жеткізушілер өтінімдерін 20 қарашаға дейін бере алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Техникалық ерекшелікке сәйкес, агенттікке ұсынылатын алты көліктің шығарылған жылы 2017 жылдан ерте болмауы керек. Барлығы автоматты беріліс қорабымен және төрт есігімен жабдықталуы тиіс.
Алайда көліктерге қойылатын талаптар бірдей емес. Бір седанның мемлекеттік нөмірінде KZ әріптік индексі болуы және қозғалтқыш көлемі кемінде үш литр болуы қажет. Қалған бес көлікке QR, UD және IB индекстері қарастырылған, ал қозғалтқыш көлемі төрт литрден аспауы тиіс.
Мемлекеттік нысандарға кедергісіз кіру
Агенттік көліктердің мемлекеттік ғимараттарға еркін кіріп-шығуына да ерекше талап қойған. Автомобильдер Ақорда, Үкімет үйі, Парламент, министрліктер мен басқа да мемлекеттік мекемелердің орталық кіреберістеріне кедергісіз жақындай алуы керек.
Бұдан бөлек, жеткізуші Астана әуежайының жолаушылар терминалының бірінші желісіне, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен холдингтердің ғимараттарына кіру мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Техникалық құжатта жеткізуші келісімшартқа қол қойылғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде аталған аумақтарға тұрақты әрі кедергісіз кіру мүмкіндігін растайтын кепілдік хат ұсынуы керектігі көрсетілген.
Көліктер тәулік бойы қызмет көрсетеді
Агенттік көлік қызметін тәулік бойы, соның ішінде демалыс және мереке күндері пайдалануды жоспарлап отыр. Қажет болған жағдайда автомобильдер Қазақстанның өңірлеріне іссапарға шығуы тиіс. Мұндай сапарға дайындалу үшін жеткізушіге бір тәулік беріледі.
Көліктердің техникалық және сыртқы жағдайына да талап қойылған. Кузовында көзге көрінетін ақаулар болмауы, ал салонында темекі түтінінің, жанармайдың немесе басқа да жағымсыз иістердің болмауы қажет. Жүргізушілер іскерлік киім үлгісін сақтауы тиіс.
Автомобиль бұзылған немесе жол-көлік оқиғасына ұшыраған жағдайда жеткізуші дәл сондай көлік немесе бизнес-кластан төмен емес балама ұсынуға міндетті.
60,5 млн теңгеге қандай шығындар кіреді?
Мемлекеттік сатып алудың бастапқы құны ҚҚС-сыз 60 млн 548 мың 275 теңге 86 тиынды құрайды. Қызметтер 2027 жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін көрсетілуі керек.
Алайда бұл соманың барлығы жеткізушіге автоматты түрде төленбейді. Құжатқа сәйкес, есеп айырысу нақты көрсетілген қызмет көлеміне, яғни қызмет ұсынылған күндер санына қарай жүргізіледі.
Бөлінген қаражатқа жанармай, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, қосалқы бөлшектер, сақтандыру және жүргізушілердің жалақысы кіреді. Сондай-ақ жеткізуші олардың үстеме жұмысын, іссапарларын және мереке күндеріндегі еңбегін төлеуі тиіс.
Агенттік автомобильдердің жүрісін жол парақтары арқылы күн сайын бақылауды көздеп отыр. Егер көлік белгіленген жүріс лимитіне жетсе, жеткізуші айдың соңына дейін оны ұсынуды уақытша тоқтата алады.