Қазақстан мектептерінде психолог мамандардың еңбекақысы өседі

Қазақстан мектептерінде психолог мамандардың еңбекақысы өседі
gov.kz

Қазақстан мектептеріндегі педагог-психологтарға шамамен 60 мың теңге көлемінде қосымша үстемеақы төленеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Құрылтайда өткен Үкімет сағатында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, балалардың құқығын қорғау және буллингтің алдын алу бағытында бірқатар жаңа тетік енгізілген. Биыл 20 өңірде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар құрылып, онда 200-ден астам маман жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар 2023 жылы қабылданған заң негізінде үш жылдан бері психологиялық қолдау орталықтары қызмет көрсетеді.

Жұлдыз Сүлейменова атап өткендей, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында 158 іс-шара қарастырылған. Олар буллингке тап болған балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді және өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарға жеке қолдау көрсетуді қамтиды.

Сондай-ақ мамандарға буллингтің алдын алу, қатты психологиялық күйзеліске түскен немесе дағдарыстық жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірленген. Бұл материалдар еліміздегі 8 мыңға жуық мектептің психологтарына жеткізілген.

Министр мектептердегі психолог мамандардың тапшылығын жою және олардың біліктілігін арттыру бағытында да жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

«Бұған дейін психологтеріміздің жалақысы өте төмен болды, сондықтан мамандар бұл қызметте тұрақтамады. Биыл Оқу-ағарту министрлігі Үкіметтің қолдауымен осы мәселенің шешімін тапты», - деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның сөзінше, мектептерде «Жеке қауіпсіздік» пәні енгізілген. Осы пән аясында педагог-психологтарға оқу сағаттары қарастырылған. Соған байланысты оларға шамамен 60 мың теңге көлемінде қосымша үстемеақы есептеледі.