Қазақстанда балалардың әл-ауқатына бағытталған мемлекеттік қаржы көлемі үш есеге артып, 6,4 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Құрылтайда "Қазақстан балалары" тұжырымдамасының іске асырылу барысы талқыланған Үкімет сағатында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің дерегінше, бүгінде елімізде 7 миллионға жуық бала бар. Бұл Қазақстан халқының шамамен үштен бірін құрайды.
Жұлдыз Сүлейменова 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасының нәтижесіне де тоқталды. Бағдарлама аясында әр баланың арнайы шотына Ұлттық қордың инвестициялық табысынан қаражат аударылады.
"2024 жылы балалардың арнайы шоттарына 695,5 млн доллар аударылса, 2025 жылы бұл сома 888,8 млн долларға жетті. Ал 2026 жылы 901,7 млн доллар бөлінді", – деді министр.
Осылайша, кейінгі үш жылда бағдарлама аясында балалардың шоттарына жалпы сомасы 2,48 млрд доллардан астам қаржы бағытталған.