Павлодар облысында жыл басынан бері борышкерлерден 5 млрд теңгеден астам алимент өндірілді. Балалары алдындағы міндетін орындамаған азаматтардың көлігі мен жылжымайтын мүлкі тәркіленіп, бірқатары әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Берешекті өндіріп алу жұмыстарына прокуратура, полиция, сот орындаушылары және жұмыспен қамту органдары жұмылдырылған. Осы кезеңде алименттен бөлек, бюджетке 1 млрд теңге көлеміндегі қарыз қайтарылған.
Борышкерлерді анықтау үшін "Кибер-шериф" жүйесі де пайдаланылған. Оған алимент төлемеген азаматтарға тиесілі 300-ден астам көлік енгізіліп, соның 67-сі арнайы тұраққа қойылған.
Кей жағдайда тәркіленген мүлік қарыздың орнына өндіріп алушы тарапқа берілсе, енді бірі аукционға шығарылған. Мәселен, бір борышкердің автокөлігі 1,4 млн теңге берешектің бір бөлігін өтеу үшін талап қоюшыға табысталды. Ал Ақсу қаласында 1,3 млн теңге алимент қарызы бар азаматтың көлігі саудаға қойылды. Сонымен қатар жалпы құны 12,8 млн теңге болатын үш жылжымайтын мүлік өндіріп алушылардың иелігіне өтті.
Тексеру кезінде іздеуде жүрген 14 борышкердің мекенжайы анықталған. Солардың бірі балаларына 9 млн теңге қарыз болып шықты. Прокуратура араласқаннан кейін ер адам берешегін толық өтеген.
Қадағалау органы алимент төлемеушілерді іздестіру шараларының кей жағдайда тек қағаз жүзінде жүргізілгенін де анықтады. Мұндай заңбұзушылық 404 борышкер қамтылған 148 атқарушылық іс жүргізу материалынан табылған.
Бұған қоса, балаларына алимент төлемей жүрген кейбір азаматтардың қаражатын құмар ойындарға жұмсағаны белгілі болды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 225 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 24 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.