Чехияда 15 қарашада үкіметтің қоғамдық телеарна мен радионың қаржыландыру жүйесін өзгерту жоспарына қарсы жаппай наразылық өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Чехиядағы жағдай
Үкімет қоғамдық телеарна мен радионы халықтан жиналатын абоненттік төлем есебінен емес, мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды ұсынған.
Ал сынайтындар мұндай өзгеріс бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деп есептейді. Наразылық білдірушілер заң жобасын кері қайтаруды немесе оны талқылауға сарапшыларды тартуды талап етті.
Reuters агенттігі мәліметінше, ұйымдастырушылар акцияға шамамен 400 мың адам қатысқанын мәлімдеген. Бұл елдегі Барқыт революциясынан кейінгі ең ірі наразылықтардың бірі болуы мүмкін.
Қазақстандағы заң жобасы
Ал Қазақстанда онлайн платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. 13 қарашада Айбек Дәдебай төрағалық еткен бюро Құрылтайдың алдағы отырысының күн тәртібіне осы мәселелерді қамтитын заң жобасын енгізді. Құжат деструктив контент таратқаны үшін цифрлық платформалардың жауапкершілігін күшейтіп, балаларды интернеттегі қауіптен қорғауды көздейді.
16 жасқа толмаған балаларға мессенджерлерден басқа әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салу, бес мыңнан аса оқырманы бар ашық қауымдастықтардың иелері мен пайдаланушыларын арнайы тізімге енгізу ұсынылмақ. Сондай-ақ, БАҚ-қа мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын белгілеу, адамның жеке өміріне қатысты суреттерді келісімінсіз пайдаланбау және жалған ақпаратқа сол жарияланған аккаунтта теріске шығару талаптары қойылуы мүмкін.
Заң жобасы Құрылтайда үш оқылымда қаралады. Депутаттар мақұлдаған жағдайда құжат Президенттің қол қоюына жіберіледі.