Қырғызстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап полиэтилен пакеттерді өндіруге, сатуға және тегін таратуға тыйым салынады. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров Ыстықкөл облысының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Kaktus Media басылымының мәліметінше, жаңа талап елдің барлық өңірінде күшіне енеді. Осылайша, Қырғызстан билігі қоршаған ортаға зиян келтіретін пластик өнімдердің айналымын шектеуді көздеп отыр.
Қазір мұндай шектеу Ыстықкөл облысында қолданылады. Алайда жергілікті кәсіпкерлердің бірі тыйымға қарамастан, бірқатар дүкенде полиэтилен пакеттер қайта пайдаланыла бастағанын айтқан.
Тұрғындармен кездесу кезінде Садыр Жапаров бұл мәселені назарға алып, алдағы уақытта шектеу бүкіл ел аумағында енгізілетінін жеткізді.
Сонымен қатар Қырғызстан президенті полиэтилен пакеттердің орнына экологиялық таза балама өнімдер шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге уәде берді.
Жоспарға сәйкес, 2027 жылдың басынан бастап елде полиэтилен пакеттерді өндіруге де, сауда орындарында сатуға немесе тұтынушыларға тегін беруге де рұқсат етілмейді.