Қазақстан киіктерінің бір бөлігін Өзбекстанға көшіру мәселесі қарастырылып жатыр

Қазақстан киіктерінің бір бөлігін Өзбекстанға көшіру мәселесі қарастырылып жатыр

Қазақстандағы киіктердің бір бөлігін Өзбекстан аумағына көшіру мәселесі талқыланбақ. Бұл туралы екі ел арасында жануарларды қорғау және олардың популяциясын сақтау жөніндегі меморандумға қол қойылғаннан кейін белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құжатта киіктердің тарихи көші-қон жолдарын қалпына келтіру, браконьерлікпен күресу, сондай-ақ жануарлардың саны мен денсаулығын тұрақты бақылау шаралары қамтылған. Сонымен қатар Қазақстандағы киіктердің бір бөлігін көрші елге көшіру мүмкіндігі де қарастырылмақ.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Өзбекстанда киіктер саны айтарлықтай азайған. Әсіресе Арал маңындағы Үстірт популяциясының жағдайы алаңдатып отыр. Қазір бұл аумақта бірнеше жүз ғана киік қалған.

Мамандар жануарлар санының азаюына олардың табиғи көші-қон бағыттарының бұзылуы да әсер еткенін айтады. Бұрын Үстірт популяциясына жататын киіктер Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арасында еркін көшіп-қонатын. Алайда шекара бойындағы қоршаулар мен жол инфрақұрылымы олардың қозғалысын шектеген.

2026 жылғы көктемгі санақ қорытындысы бойынша, Қазақстанда 4 миллион 689 мың киік бар. Оның 119 мыңы Үстірт популяциясына жатады.

Екі елдің келісімі киіктердің табиғи мекендеу ортасын сақтауға, популяциялар арасындағы байланысты қалпына келтіруге және саны азайған жануарлар тобын көбейтуге бағытталған.