Кейінгі жылдары еңбек нарығындағы талаптар едәуір өзгерді. Бұрын қызметкер үшін тұрақты жұмыс пен уақытылы төленетін жалақы негізгі өлшем саналса, бүгінде мамандар жұмыс кестесіне, әлеуметтік кепілдіктерге, кәсіби дамуға және жеке өміріне бөлінетін уақытқа да мән береді. Бұл өзгеріс еңбек адамының қазіргі бейнесін жаңаша пайымдауға негіз болады.
Dalanews.kz Antal Kazakhstan компаниясының 2025-2026 жылдарға арналған еңбек нарығы жөніндегі зерттеуіне үңіліп, қазақстандық қызметкерлердің жұмыс берушіден не күтетінін саралады. Сауалнамаға Алматы, Астана және еліміздің өзге қалаларында еңбек ететін 1754 маман, орта және жоғары буын менеджері қатысқан.
Зерттеу нәтижесі жалақының әлі де маңызды болғанымен, қызметкерді ынталандырып, компанияда ұзақ уақыт ұстап қалуға жалғыз өзі жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Қашықтан жұмыс істеу қосымша жеңілдік болудан қалды
Бірнеше жыл бұрын қашықтан жұмыс істеу санаулы компанияда ғана кездесетін мүмкіндік еді. Қазір ол жұмыс орнын таңдауға ықпал ететін негізгі талаптардың біріне айналды.
Зерттеуге қатысқандардың 83 пайызы қашықтан немесе аралас форматта жұмыс істеу мүмкіндігін жұмыс берушінің маңызды артықшылығы деп бағалаған. 2022 жылы мұндай пікірді респонденттердің 61 пайызы ғана қолдаған. Үш жылдың ішінде көрсеткіштің 22 пайыздық тармаққа өсуі қызметкерлердің еңбек жағдайына қатысты талғамы өзгергенін аңғартады.
Бұл мүмкіндік жастар үшін айрықша маңызды. Z буыны өкілдерінің 92 пайызы қашықтан немесе аралас жұмыс форматына мән береді. Y буынында бұл көрсеткіш 86 пайызды, ал X буынында 76 пайызды құраған.
Қазіргі кезде сауалнамаға қатысқандардың 62 пайызы кеңседен тыс жұмыс істей алады. Дегенмен жергілікті және халықаралық компаниялар арасында елеулі айырмашылық бар. Қазақстандық ұйымдарда еңбек ететіндердің 52 пайызына осындай мүмкіндік берілсе, халықаралық компанияларда оның үлесі 70 пайызға жетеді.
Қашықтан жұмыс істеуге сұранысты қызметкердің жауапкершіліктен қашуы немесе аз еңбек етуге ұмтылысы деп қабылдау дұрыс емес. Мұндай формат жолға кететін уақытты үнемдеуге, отбасылық міндеттер мен кәсіби қызметті үйлестіруге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда адамның кеңседе өткізген сағаты емес, атқарған жұмысының нәтижесі алдыңғы орынға шығады.
Қызметкер қандай жеңілдіктерге мән береді?
Қазіргі мамандар үшін жалақыдан бөлек ұсынылатын әлеуметтік пакет те маңызды. Алайда жұмыс беруші беретін жеңілдіктер қызметкердің нақты қажеттілігіне әрдайым сәйкес келе бермейді.
Зерттеу бойынша респонденттердің 46 пайызы қашықтан жұмыс істеуді ең маңызды мүмкіндіктердің бірі деп атаған. 41 пайызы икемді кестеге мән береді. Медициналық сақтандыру мен корпоративтік оқуды қажет деп санайтындардың үлесі – 36 пайыздан. Тағы 32 пайызы отбасы мүшелеріне де медициналық сақтандыру қарастырылғанын қалайды. Ал 30 пайызы жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша күндер берілгенін маңызды санайды.
Компаниялар ұсынатын жеңілдіктердің арасында медициналық сақтандыру алда тұр. Әлеуметтік пакеті бар қызметкерлердің 56 пайызы осы мүмкіндікпен қамтылған. 49 пайызы қашықтан жұмыс істей алады, 45 пайызына корпоративтік оқу, 44 пайызына ұялы байланыс шығынын өтеу ұсынылған.
Халықаралық және жергілікті компаниялардың әлеуметтік мүмкіндіктерінде де айырмашылық байқалады. Халықаралық ұйымдарда істейтіндердің 71 пайызы медициналық сақтандырумен қамтылған. Қазақстандық компанияларда бұл көрсеткіш 36 пайызды құрайды. Халықаралық компания қызметкерлерінің 58 пайызына қашықтан еңбек етуге жағдай жасалса, жергілікті ұйымдарда оның үлесі 37 пайыз болған.
Antal International компаниясының Еуразия өңіріндегі басқарушы директоры Михаэль Гермерсхаузен қызметкерді ұстап қалу үшін жалақымен ғана шектелу жеткіліксіз екенін айтады.
«Компаниялар бәсекеге қабілеттілігін сақтап, қызметкерлерін ұстап қалу үшін нарықтағы өзгерістерге дер кезінде жауап берумен қатар, жеңілдіктерді, аралас жұмыс форматын және оқытуды қамтитын кешенді өтемақы пакетін қалыптастыруы қажет», – дейді ол.
Демек, әлеуметтік пакет формалды жеңілдіктер жиынтығы емес, қызметкердің күнделікті өміріне нақты пайда әкелетін қолдау құралы болуы керек.
Қызметкердің әл-ауқатына жеткілікті көңіл бөліне ме?
Зерттеуге қатысқандардың тек 35 пайызы өзі жұмыс істейтін компанияда қызметкерлердің әл-ауқатын қолдауға арналған бағдарлама барын айтқан. Қалған 65 пайызында мұндай жүйе қарастырылмаған.
Әл-ауқатты қолдау медициналық сақтандыру немесе спортзалға берілетін жеңілдікпен ғана шектелмейді. Бұл ұғымға қызметкердің денсаулығы, психологиялық жағдайы, кәсіби дамуы, қаржылық тұрақтылығы және ұжымдағы қарым-қатынасы кіреді.
Мұндай бағдарламасы бар компаниялардың 73 пайызында мамандарды бейімдеу, оқыту, тәлімгерлік, коучинг немесе мансаптық кеңес беру секілді кәсіби қолдау түрлері ұсынылады. Әлеуметтік байланысты нығайтуға бағытталған бастамалар 65 пайызында, денсаулық сақтау шаралары 64 пайызында кездеседі.
Психологиялық көмек пен менталдық саулыққа арналған бағдарламалардың үлесі – 59 пайыз. Олардың қатарында психолог кеңесі, топтық кездесулер мен арнайы дәрістер бар. Ал қаржылық сауатты арттыру, материалдық көмек көрсету және корпоративтік жеңілдіктер ұсыну секілді тетіктер компаниялардың 48 пайызында қарастырылған.
Бұл мәліметтер әлеуметтік қорғаудың тек мемлекеттік жәрдемақы мен төлемдерден тұрмайтынын көрсетеді. Оның маңызды бөлігі жұмыс орнында қалыптасады. Қауіпсіз еңбек жағдайы, медициналық сақтандыру, тұрақты табыс, кәсіби даму мен психологиялық қолдау адамды түрлі әлеуметтік тәуекелден қорғайды.
Қызметкердің денсаулығы мен біліміне бөлінетін қаражатты артық шығын ретінде қарастыруға болмайды. Мұндай қолдау маманның жұмысқа деген ынтасын арттырып, компаниядан кету ықтималдығын төмендетеді. Ең бастысы, адам өзінің тек жұмыс күші емес, ұйым үшін маңызды маман екенін сезінеді.