Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы он айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 9,3%-ға артты. Жыл соңына дейін жалпы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеден асатын 200 жаңа кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, жаңа жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 17 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Оның ішінде 5,5 мыңы ауылдық жерлерде құрылады.
Кәсіпорындар толық өндірістік қуатына шыққан кезде жыл сайын шамамен 1,5 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, оның 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады.
«Жыл басынан бері жалпы инвестиция көлемі 900 млрд теңгені құрайтын 125 жоба іске қосылды. Қалған жобалар аяқталуға жақындап, іске қосуға дайындалуда», - деді Ерсайын Нағаспаев.
Жаңа өндіріс орындарында Қазақстанда бұрын шығарылмаған өнім түрлерін игеру көзделген. Олардың қатарында теміржол бандаждары, доңғалақтар, престеу жабдықтары, ламинат, тамшылатып суару жүйелері және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалар бар.
Сонымен қатар отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында цифрлық тізілім жүргізіліп жатыр. Бүгінде онда 2,6 мыңға жуық қазақстандық өндіруші мен олардың 72 мың тауары тіркелген. Тізілімге 50 мыңнан астам өтінім қаралған.
Тізілімнің негізгі сатып алу алаңдарымен біріктірілуі нәтижесінде жыл басынан бері 94 мың сатып алуда отандық өнімге басымдық берілген.