Қазақстанда 2026 жылы шаруаларға берілген жеңілдетілген кредит көлемі алғаш рет 1,2 трлн теңгеге жетті. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жыл басынан бергі он айда 5,2%-ға өсіп, 8,9 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары өндірісті кеңейтуге, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға және фермерлер үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Субсидия түріндегі қолдаумен шамамен 25 мың шаруашылық қамтылған. Оның 90%-ға жуығы шағын және орта шаруашылықтарға тиесілі.
Министр субсидия шаруалардың алдын ала жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге бағытталғанын атап өтті. Фермерлер алдымен тұқым, техника, минералдық тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алады. Кейін нақты жұмсалған шығындарының бір бөлігі өтеледі.
Сондай-ақ қаражат бөлудің ашықтығын арттыру үшін субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі жаңғыртылады.
«Биыл жеңілдікпен берілетін кредит көлемі алғаш рет 1,2 трлн теңгеге жетті. Өндірушілерді қамтуды кеңейту үшін кредит берудің алты арнасы іске қосылған. Кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі жеткіліксіз шаруашылықтар үшін қарыздарға кепілдік беру тетігі қолданылады», - деді Айдарбек Сапаров.
Оның мәліметінше, 2027 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыруға өтінім қабылдау 1 қазанда басталған.