Енді сабаққа бармайтын оқушылар туралы мәлімет полицияға беріледі

Енді сабаққа бармайтын оқушылар туралы мәлімет полицияға беріледі
Фото: ЖИ

Қазақстанда балаларды есепке алу және мектептегі әлімжеттікке қарсы әрекет ету талаптары жаңартылады. 2026 жылғы 21 қарашадан бастап сабақтан негізсіз әрі жиі қалатын оқушылар жөніндегі ақпарат ішкі істер органдарымен салыстырылып, ай сайын толықтырылып отырады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа тәртіп бойынша 18 жасқа дейінгі балалар туралы мәліметтер Ұлттық білім беру базасына жинақталады. Онда баланың аты-жөні, ЖСН-і, туған күні мен тұрғылықты мекенжайы көрсетіледі.

Базаға балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, колледж студенттері, білім алуға тартылмаған және денсаулығына байланысты оқи алмайтын балалар енгізіледі. Сабаққа дәлелді себепсіз тұрақты қатыспайтын оқушылар да осы тізімде қамтылады. Олар туралы мәлімет әр айдың 10-на дейін жаңартылуға тиіс.

Буллинг туралы хабарлама бір күнде тіркеледі

Өзгерістер мектептегі әлімжеттікке қатысты өтініштерді қарау тәртібін де қамтиды. Жергілікті білім органдары буллинг туралы ақпаратты алғаннан кейін оны бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті.

Мектеп жәбір көрген балаға психологиялық көмек көрсетіп, оның әлеуметтік оңалуына арналған жеке жоспар әзірлейді. Әлімжеттік жасаған оқушымен де бөлек жұмыс жүргізіліп, оны ортаға бейімдеу шаралары белгіленеді.

Егер мектепішілік есепке алынған баланың мінез-құлқында алты ай бойы оң өзгеріс байқалмаса, жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданады.

Ішкі істер министрлігінің Ювеналды полициясы ұсынған мәлімет бойынша, жыл басынан бері елде буллингке қатысты 355 жағдай анықталған. Осы деректер бойынша ата-аналар жауапқа тартылып, міндетін тиісінше орындамаған мектеп қызметкерлеріне қатысты тексерулер жүргізілген.