Қазақтың белгілі айтыскер ақыны, ұлттық сөз өнерінің көрнекті өкілі Әсия Беркенова 76 жасында дүниеден озды. Саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен айтыс өнерін дамытуға арнаған ақынның қазасы өнерсүйер қауым үшін ауыр хабар болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Әсия Беркенова қазақ айтысының қайта жаңғырып, халық арасында кеңінен танылуына үлес қосқан өнер қайраткерлерінің бірі еді. Ол сахнадағы тапқырлығымен, өткір ойымен және ұлттық құндылықтарды дәріптеген жырларымен көпшіліктің ықыласына бөленді. Айтыс додаларында елдік мәселелерді көтеріп, қоғамдағы түрлі құбылыстарға ақындық көзқарасын білдірген Әсия Беркенова қазақтың суырыпсалма өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.
Әсия Әйіпқызы Беркенова 1950 жылы 22 сәуірде Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты Нарынқол елді мекенінде дүниеге келген.
1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын тәмамдап, педагог мамандығын меңгерген. Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған ол 1972-1997 жылдар аралығында Қостанай облысының Наурызым және Әулиекөл аудандарындағы мектептерде мұғалім болып жұмыс істеді.
Ширек ғасырға жуық уақыт білім саласында еңбек еткен ақын жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берумен қатар, ұлттық өнерден де қол үзген жоқ. Кейін Қостанай қаласындағы Мемлекеттік тілді жеделдете үйрету орталығында қызмет атқарды. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетіндегі "Өнер" студиясына жетекшілік етіп, шығармашылық бағыттағы жұмыстармен айналысты.
Әсия Беркенова 1980 жылдардан бастап айтыс өнеріне белсенді араласып, қазақтың суырыпсалма ақындық дәстүрінің дамуына еңбек сіңірді. Оның шығармашылық жолы ұлттық айтыс өнері қайта жандана бастаған кезеңмен тұспа-тұс келді. Ақын сахнада қарсыласына ұтымды жауап қайтаруымен, сөз саптау шеберлігімен және терең ойымен ерекшеленді. Жырларында ел тағдыры, ұлттық рух, ана тілі мен халықтың рухани құндылықтары маңызды орын алды.
Әсия Беркенова айтысты тек ақындар арасындағы сөз сайысы ретінде емес, халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін өнер ретінде танытуға үлес қосты. Ұстаздық қызметі мен шығармашылық еңбегін қатар алып жүрген ақын кейінгі буынға да өнеге бола білді.