Қазақстанның мемлекеттік қарызы 41,3 трлн теңгеге жетті

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 41,3 трлн теңгеге жетті
Фото: ЖИ

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанның салықтан түскен кірісі көбейді. Соған қарамастан, бюджет шығындарын өтеу үшін мемлекет әлі де қарыз алуға мәжбүр. Қазір мемлекеттік қарыз көлемі 41,3 трлн теңгеге жетіп, оны өтеуге және пайызын төлеуге жұмсалатын қаражат та артып отыр. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының Аналитикалық орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қауымдастық мәліметінше, қаңтар-қыркүйек аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке түскен салықтардың жалпы көлемі 22,7 трлн теңгені құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 18,5 пайызға немесе 3,5 трлн теңгеге көп.

Салық түсімдерінің артуына заңнамадағы өзгерістер, әкімшілендірудің күшеюі және жекелеген шикізат түрлері бағасының өсуі әсер еткен. Алайда қосымша кірістің басым бөлігі республикалық бюджетке түсті. Оның салықтық түсімі 30,3 пайызға немесе 3 трлн теңгеге көбейген.

Өсімнің шамамен 90 пайызы қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және мұнайдан өзге салалар төлейтін пайдалы қазбаларды өндіру салығы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, ҚҚС түсімі 1,6 трлн теңгеге, корпоративтік табыс салығы 636 млрд теңгеге, ал мұнайдан тыс өндіру салығы 480 млрд теңгеге артқан.

"ҚҚС түсімінің өсуіне салық мөлшерлемесінің жоғарылауы, есепке қою шегінің төмендеуі және тауарлар мен қызметтер айналымының ұлғаюы ықпал етті. Кәсіпорындардың қаржылық көрсеткіштерінің жақсаруы корпоративтік табыс салығы бойынша түсімді де көбейтті", – деп түсіндірді қауымдастық сарапшылары.

2026 жылдың екінші тоқсанында ірі және орта кәсіпорындардың жалпы пайдасы бір жыл ішінде 25,2 пайызға өскен. Металл мен уран нарығындағы қолайлы баға да бюджет кірісіне оң әсер етті.

Жергілікті бюджеттердің кірісі азайды

Республикалық бюджет пен Ұлттық қордың салықтық кірісі өскенімен, өңірлердегі жағдай керісінше қалыптасқан. Жергілікті бюджеттердің салық түсімі 0,8 пайызға немесе 54 млрд теңгеге қысқарды.

Шағын және орта бизнес төлейтін корпоративтік табыс салығынан түсетін кіріс 157 млрд теңгеге, әлеуметтік салық түсімі 112 млрд теңгеге азайған. Сарапшылар мұны салық режимдерінің өзгеруімен және әлеуметтік салық мөлшерлемесінің 11 пайыздан 6 пайызға дейін төмендеуімен байланыстырады.

Бұл шығынның бір бөлігі акциздер мен жеке табыс салығы есебінен өтелді. Акциздік түсімдер 162 млрд теңгеге өскен. Ал жалақының 8,4 пайызға артуы жеке табыс салығынан түсетін кірісті 133 млрд теңгеге көбейтті.

Қарызды өтеу мен қызмет көрсетуге 6,7 трлн теңге жұмсалды

Бюджет кірісі артқанымен, мемлекет шығындарды қаржыландыру үшін жаңа қарыз тартуды жалғастырып отыр. Тоғыз айда алынған қарыз көлемі 11,5 пайызға өсіп, 7,3 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде бұрынғы міндеттемелерді өтеуге 3,9 трлн теңге бағытталған.

Мемлекеттік қарыз бір жылда 8,8 пайызға өсіп, 41,3 трлн теңгені құрады. Ал оған қызмет көрсету шығындары 20,6 пайызға артып, 2,8 трлн теңгеге жеткен.

Осылайша, бұрын алынған қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсетуге тоғыз айда шамамен 6,7 трлн теңге жұмсалды.

"Қарызға қызмет көрсету шығыны мемлекеттік қарыздың өзінен екі еседен астам жылдам өсіп отыр. Бұл – қарыз қаражатының қымбаттағанын және пайыздық төлемдердің бюджетке түсіретін салмағы күшейгенін көрсетеді", – дейді АФК сарапшылары.

Ұлттық қордан алынған қаражат азайды

Есепті кезеңде Ұлттық қордан бюджетке аударылған трансферт көлемі 4,2 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін немесе 34 пайызға қысқарды.

Қорға түскен 3,43 трлн теңге алынған қаражаттан асып түскен. Сонымен бірге оның инвестициялық кірісі 2,2 млрд долларды құрады. Нәтижесінде 2026 жылғы қазан айының басында Ұлттық қор активтері жыл басынан бері 2,8 млрд долларға өсіп, 66,7 млрд долларға жетті.

Дегенмен қауымдастық мамандары бюджет жүйесінің мұнай кірістері мен қарыз қаражатына тәуелділігі әлі де сақталып отырғанын ескертті.

"Ұлттық қор трансферттері азайғанымен, алдағы уақытта одан алынатын қаражатты көбейту жоспары және бюджетке қажетті қарыз көлемінің жоғары болуы мұнай кірістері мен борыштық қаржыландыруға тәуелділікті қысқарту мүмкіндігі әзірге шектеулі екенін аңғартады", – делінген шолуда.

Жалпы, тоғыз айда республикалық және жергілікті бюджеттердің жиынтық шығыны 10,2 пайызға өсіп, 30,1 трлн теңгені құрады. Шығын құрылымында әлеуметтік міндеттемелердің, қарызға қызмет көрсету мен қаржылық операциялардың үлесі артып келеді. Ал күрделі шығындар 9,9 пайызға қысқарған.