Ыстанбұл халықаралық әуежайында Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін елдердің тулары бейнеленген арнайы бағыттағыш белгілер пайда болды. Олардың арасында Қазақстанның мемлекеттік туы да бар. Бұл жаңалық түркі мемлекеттері арасында азаматтардың жеке куәлікпен сапарлау мүмкіндігін жеңілдету бастамасымен байланысты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақпараттық белгілерде Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Венгрия және Солтүстік Кипр Түрік Республикасының тулары орналастырылған.
Бұл бастама түркі мемлекеттері арасындағы азаматтардың жүріп-тұру тәртібін жеңілдетуді көздейді. Ұсынылып отырған келісім күшіне енсе, оған қатысушы елдердің азаматтары шетелдік паспорттың орнына ұлттық жеке куәлікпен шекарадан өте алады.
Дегенмен әуежайда мұндай белгілердің пайда болуы аталған мемлекеттердің азаматтары қазірдің өзінде жеке куәлікпен еркін қатынай алады дегенді білдірмейді.
Әзірге келісімнің күшіне енгені туралы ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Сондықтан жаңа тәртіптің қашан енгізілетіні әзірге белгісіз.