Бектенов отандық өндірушілерді қолдаудағы олқылықтарды жоюды тапсырды

Бектенов отандық өндірушілерді қолдаудағы олқылықтарды жоюды тапсырды
UKIMET

Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өндірушілермен жасалатын шарттардың көлемін арттыруды, офтейк-келісімшарттарды кеңейтуді және қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу рәсімін жеңілдетуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет отырысында Үкімет басшысы қазақстандық кәсіпорындар шығаратын өнімге тұрақты өткізу нарығын қалыптастыру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, ұзақмерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар өндіріс көлемін ұлғайтуға, шикізатты терең өңдеуге және жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік береді.

«Мұнда кәсіпорынның жаңа өнімін ұзақмерзімді шарт негізінде өткізуге кепілдік беретін офтейк-келісімшарттар бекіту тетігін кеңінен қолдану қажет. Бұл шығарылатын өнім номенклатурасын ұлғайтуға, қазақстандық шикізатты терең өңдеуге, сондай-ақ құзыреттерді арттырып, жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік береді», – деді Олжас Бектенов.

Осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда «Бәйтерек» инвестициялық холдингінің қаржылық құралдарын пайдалану ұсынылды. Холдинг отандық және шетелдік инвесторлармен тікелей жұмыс жүргізіп, жобаларды қолдауға қатысуы тиіс.

Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Қаржы министрлігімен және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін сатып алу рәсімдеріндегі кедергілерді жоюды тапсырды. Сондай-ақ отандық өндірушілермен жасалатын шарттардың көлемін арттыру міндеті қойылды.

Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, қазақстандық кәсіпорындардан сатып алынатын тауарлардың тізбесі мен көлемін айқындауы керек. Бұдан бөлек, мүдделі мемлекеттік органдар мен компаниялар 2027 жылға арналған ұзақмерзімді шарттар және офтейк-келісімшарттар жоспарын жыл соңына дейін бекітуі қажет.

Бектенов Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің жұмысындағы мәселелерге де тоқталды. Оның айтуынша, биыл іске қосылған жүйе арқылы 70 мыңнан астам тауар позициясы бойынша 2,7 мыңға жуық өндірушінің қызметі расталған.

«Нақты қолдау тетігін, сондай-ақ тауарлардың шығу тегінің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ету үшін осы жылдың басынан бастап Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылды. Оның көмегімен 70 мыңнан астам тауар позициясы бойынша 2700-ге жуық өндірушінің қызметі расталды. Бұл тетік құрылыс саласында, мемлекеттік сатып алуларда, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында ғана емес, жеңілдікпен қаржыландыру алу кезінде де белсенді қолданылуы тиіс еді. Сол үшін мемлекеттік сатып алу аясында тек отандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлар тізбесін кеңейттік», – деді Премьер-министр.

Алайда тоғыз айдың қорытындысы бойынша жасалған шарттардың көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға азайған. Кәсіпкерлер тізілімдегі мәртебесін растау рәсімдерінің ұзаққа созылатынына шағымданған. Бұдан бөлек, қатты пайдалы қазбалар саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық кәсіпорындардан тауар сатып алу үлесі небәрі 17%-ды құрап отыр.

Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге тізілімді жетілдіру және оны мемлекеттік органдардың дерекқорларымен ықпалдастыру тапсырылды. Бұл кәсіпорындардың меншікті өндірісі бар-жоғын онлайн режимде тексеруге мүмкіндік беруі тиіс.

Сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, үш ай ішінде өндірушілерді тізілімге енгізу рәсімін мемлекеттік қызмет форматына ауыстыру қажет. Өтінімдерді қарау мерзімдері де нақты белгіленуі керек.