Қазақстандық Qajet такси сервисі алдағы уақытта отандық цифрлық карталарды пайдаланбақ. Жоба арқылы қосымшадағы мекенжай іздеу, бағыт құру және жолаушы тұрған орынды анықтау жүйесін жетілдіру көзделіп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, сервиске "Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы" әзірлеген карталар мен геосервистер енгізіледі.
"Бастама мемлекеттік цифрлық карталарды бизнесте пайдалануға және Қазақстанның төл навигациялық технологияларын дамытуға бағытталған", – деп хабарлады министрлік.
Жоба іске асса, жүргізуші жолаушы көрсеткен мекенжайды дәлірек тауып, оған дейінгі қолайлы бағытты жылдам құра алады. Сонымен қатар отандық карталардың күнделікті жолаушы тасымалы кезінде қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні тексеріледі.
Жүйеге Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы аясында жиналған мәліметтер мен Қазгеодезияның цифрлық картография саласындағы әзірлемелері негіз болады.
Qajet-пен әріптестік – Қазақстанның жеке цифрлық карта және навигация жүйесін қалыптастыруға бағытталған қадамдардың бірі. Болашақта мұндай технологияларды такси қызметтерімен қатар, тауар жеткізу сервистері, логистикалық компаниялар және басқа да цифрлық платформалар пайдалана алады.