«Қазақмыс» тау-кен техникасын жаңартуға 6,7 млрд теңге бөлді

«Қазақмыс» тау-кен техникасын жаңартуға 6,7 млрд теңге бөлді
ҚазақМыс.

«Қазақмыс» тобы жыл басынан бері кеніштеріне төрт жаңа бұрғылау қондырғысын жеткізді. 2027 жылдың соңына дейін тағы 21 қондырғы сатып алу жоспарланған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа техника «Жомарт», «Жыланды», «Нұрқазған» және «Батыс» кеніштеріне берілді. Кәсіпорындардың жабдық паркі Epiroc Boomer M1 D, Sandvik DL431, DL-421 және Sandvik DS 511 маркалы бұрғылау қондырғыларымен толықты.

Техниканы жаңарту бағдарламасы жаңа жабдық сатып алумен шектелмейді. Компания қолданыстағы тау-кен шахта техникасын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Бұл мақсатқа 6,7 млрд теңге қарастырылған.

Жыл басынан бері 346 бірлік техникаға ағымдағы жөндеу жасалды. Оның 277-сі Жезқазған өңірінде, 31-і Қарағанды өңірінде, 38-і Балқаш өңірінде жөнделді.

Бұдан бөлек, тау-кен машиналарының негізгі тораптары мен агрегаттарын қалпына келтіру және ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 206 торап бойынша жұмыс орындалған. Жыл соңына дейін тағы 96-ға жуық торапты қалпына келтіру немесе ауыстыру көзделген.

Жөндеу жұмыстары бұрғылау қондырғыларын, тиеу-жеткізу машиналарын, жүк көліктерін және Caterpillar, Sandvik, Epiroc маркалы өзге де тау-кен техникасын қамтиды. Жыл басынан бері екі бұрғылау каретасы қалпына келтірілген. Олар – Оңтүстік Жезқазған кенішіне арналған Epiroc Boomer M1 D және «Жомарт» кенішіне арналған Epiroc L2D қондырғылары.

Алдағы уақытта бұрғылау және анкерлеу қондырғыларын, тиеу-жеткізу машиналарын, жүк көліктері мен басқа да қосалқы техникаларды жеткізу жоспарланып отыр.

Компанияның мәліметінше, жабдықтарды жаңарту мен жөндеу жұмыстары техниканың жоспардан тыс тоқтап қалу қаупін азайтып, өндірістік бөлімшелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.