Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсі ашылмақ

Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсі ашылмақ
Фото: ЖИ

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе қатынасын 2027 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аталған мәселе Монреальда өткен ИКАО-ның әуе көлігі жөніндегі VII дүниежүзілік конференциясында талқыланған. Жиын аясында Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев АҚШ Көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі көмекшісі Дэниел Дж. Эдвардспен кездесті.

Қазір Қазақстан АҚШ Федералдық авиация басқармасының (FAA) бірінші санатын алу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл қыркүйекте америкалық тарап еліміздің авиация саласына аудит өткізіп, алдын ала оң бағасын берген.

Талғат Ластаев Қазақстанның АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын жолға қоюға мүдделі екенін атап өтті. Тараптар жаңа бағытты 2027 жылдың соңына дейін ашу мүмкіндігін қарастырған.