Отбасын сақтап қалу үшін не істеу керек? Алматыда қандай көмек көрсетіледі?

Отбасын сақтап қалу үшін не істеу керек? Алматыда қандай көмек көрсетіледі?
ЖИ/dalanews

Жас отбасылардың ажырасуына баспана мәселесі, қаржылық қиындықтар мен отбасылық өмірге психологиялық тұрғыдан дайын болмау әсер етеді. Алматы қаласында бұл бағытта некеге дейінгі оқыту, психологиялық және құқықтық кеңес беру қызметтері қолға алынған. Қаладағы Отбасын қолдау орталықтарына жыл басынан бері отбасылық мәселелер бойынша 1066 азамат жүгінсе, олардың 918-і өзара келісімге келген.

Отбасы институтын нығайту – демографиялық саясаттың ғана емес, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының да маңызды бөлігі. Әсіресе ірі қалаларда жас отбасылардың алдында тұрғын үй, тұрақты табыс, жұмыс пен бала тәрбиесін қатар алып жүру секілді мәселелер тұр. Мұндай факторлар отбасылық қарым-қатынасқа әсер етіп, кей жағдайда ажырасуға дейін жеткізуі мүмкін.

Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның Dalanews.kz редакциясына берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта қалада отбасы институтын қолдауға бағытталған жұмыстар бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатыр. Соның бірі – Отбасын қолдау орталықтарының қызметі.

Отбасын қолдау орталықтары қандай көмек көрсетеді?

Отбасын қолдау орталықтары жергілікті атқарушы органдардың шешімімен аудандарда және қалалардағы аудандарда құрылады. Олардың негізгі міндеті – қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдар мен отбасыларға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық қолдау көрсету.

Орталықтар некені және отбасын сақтауға, отбасылық жанжалдарды шешуге бағытталған шараларды жүзеге асырады. Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар азаматтарға көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда бір айға дейін уақытша тұру мүмкіндігін ұсынады.

Мұндай мекемелердің жұмысы тек көмек сұрап келген азаматтарды қабылдаумен шектелмейді. Олар мемлекеттік органдармен, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарымен, ішкі істер органдарымен, волонтерлермен бірлесіп, қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және оларға қолдау көрсету жұмыстарын да ұйымдастырады.

Бұл ретте мобильді топтардың қызметі маңызды. Олардың жұмысы арқылы отбасылық қиындықтарды асқындырып алмай тұрып анықтап, тиісті мамандардың көмегіне жүгінуге мүмкіндік беріледі.

Жас отбасылар неге ажырасады?

Комиссия мәліметінше, жас отбасылар арасындағы ажырасуға бір ғана себеп әсер етпейді. Олардың қатарында тұрғын үй мәселесі, тұрақты табыстың болмауы, жұмыссыздық, қаржылық қиындықтар, өзара түсіністіктің жетіспеуі, отбасылық жауапкершіліктің төмендігі және тұрмыстық жанжалдар бар.

Бұған қоса, жастардың отбасылық өмірге психологиялық және моральдық тұрғыдан дайын болмауы, бір-бірінің мінез-құлқы мен көзқарастарын қабылдай алмауы да қарым-қатынастың бұзылуына ықпал етеді.

Қаладағы әлеуметтік-экономикалық жағдай да бұл мәселеге әсер етпей қоймайды. Жастардың бір бөлігі алдымен білім алып, мансап құрып, тұрақты жұмыс пен баспанаға қол жеткізуді көздейді. Тұрғын үй бағасының жоғары болуы, жалдау ақысы мен ипотекалық төлемдердің салмағы отбасын дербес өмірге бейімдеуді қиындатады.

Комиссия ұсынған мәліметке сәйкес, Алматы жастарының шамамен 80 пайызы отбасыны басты құндылықтардың бірі деп санайды. Дегенмен неке құру мен бала сүюді кейінге қалдыру үрдісі байқалады. Көптеген жас алдымен материалдық жағдайын тұрақтандыруды маңызды көреді.

Некеге дейінгі дайындық: бес модуль бойынша оқыту

Отбасылық тұрақтылықты нығайту және ажырасудың алдын алу мақсатында Алматыда некеге дейінгі оқыту бағдарламасы енгізілген.

Комиссияның мәліметінше, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның 2026 жылғы 10 тамыздағы №383-НҚ бұйрығына сәйкес, Отбасын қолдау орталықтарында некеге дейінгі оқытуды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі әдістемелік нұсқаулық бекітілген. Алматы қаласында бұл бағыттағы оқыту 2026 жылғы 19 қазанда өткізілген.

Бағдарлама жастарды отбасылық өмірге дайындауға, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, өзара сыйластық пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған. Оқыту бес негізгі модульді қамтиды:

  • отбасылық серіктестік және жауапкершілік;
  • отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық;
  • құқықтық сауаттылық;
  • қаржылық сауаттылық;
  • эмоционалдық интеллект және отбасылық қарым-қатынас дағдылары.

Сонымен қатар отбасын құруды жоспарлап жүрген азаматтар мен жас жұбайларға психологиялық кеңес беру қарастырылған. Мамандар ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, жанжал, қарым-қатынас және бала тәрбиесіне қатысты мәселелер бойынша көмек көрсетеді.

Қажет болған жағдайда құқықтық кеңес беріліп, неке және отбасы заңнамасы, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері, алимент және бала құқықтарын қорғау мәселелері түсіндіріледі.

1066 азамат көмек сұраған, 918 отбасы татуласқан

Алматыдағы Отбасын қолдау орталықтарының жұмысына қатысты назар аударарлық көрсеткіштің бірі – отбасылық мәселелер бойынша көмекке жүгінген азаматтар саны.

Комиссияның мәліметінше, жыл басынан бері орталықтарға осындай мәселелермен 1066 азамат өтініш білдірген. Оның ішінде 918 отбасы татуласып, өзара келісімге келген. Қалған отбасылармен түсіндіру, психологиялық қолдау және жеке сүйемелдеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Орталық мамандары ерлі-зайыптыларға жанжалдың себептерін анықтауға, өзара түсіністікті қалыптастыруға және отбасылық қарым-қатынасты қалпына келтіруге көмектеседі. Қажет болған жағдайда құқықтық кеңес беріліп, медиацияға бағыттау жұмыстары жүргізіледі.

Бұл көрсеткіш отбасылық жанжалдарды шешуде психологиялық қолдау мен кәсіби кеңестің маңызын көрсетеді. Дегенмен отбасын сақтау кез келген жағдайда татуласуға мәжбүрлеу дегенді білдірмейді. Әсіресе тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында ең алдымен жәбірленушінің қауіпсіздігі мен құқығын қорғау маңызды.

Алдағы жылдары қандай бағыттарға басымдық беріледі?

Комиссияның пайымдауынша, алдағы 5–10 жылда Алматының отбасылық және демографиялық саясаты отбасы институтын нығайтуға, жас отбасыларды қолдауға және ажырасудың алдын алуға бағытталуы керек.

Бұл үшін жастарды отбасылық өмірге дайындау жұмыстарын кеңейтіп, некеге дейінгі оқыту бағдарламаларын тұрақты жүргізу ұсынылады. Сонымен қатар жас отбасылардың баспана, жұмыспен қамту және материалдық тұрақтылық мәселелерін шешуге қолдау көрсету маңызды.

Тағы бір басымдық – отбасылық жанжалдардың алдын алу үшін психологиялық және құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыру. Ана мен баланы қолдау, бала тәрбиесіндегі ата-аналардың жауапкершілігін күшейту және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету жұмыстары да жалғасуы тиіс.

Жалпы, отбасы институтын нығайту тек дәстүрлі құндылықтарды насихаттаумен немесе әлеуметтік төлемдермен шектелмейді. Жас отбасылардың экономикалық тұрақтылығы, психологиялық дайындығы, құқықтық сауаттылығы және қауіпсіз ортада өмір сүруі қатар қамтамасыз етілуі қажет. Алматыдағы Отбасын қолдау орталықтарының жұмысы осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған.