Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың тізімі қайта тексеріліп, талапқа сай келмейтін 52 535 адам есептен шығарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Отбасы банкінің" мәліметінше, олардың жеке меншігінде баспанасы бары анықталған. Осыған байланысты аталған азаматтар тұрғын үйге мұқтаж санатына жатпайды деп танылған.
"Тексеру заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін жүргізілді. Жаңа талаптар кезекте тұрған азаматтардың деректерін жеке мәліметтерді өңдеуге бөлек келісімін алмай-ақ түгендеуге мүмкіндік береді", - дейді банк өкілдері.
Олар тұрғын үй кезегіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін өзге де азаматтарды анықтау жұмыстары жалғасатынын хабарлады.