Шэньчжэньдегі кездесудің астарында не жатыр? Саясаттанушы үш көшбасшыға қатысты маңызды жайттарды атады

Шэньчжэньдегі кездесудің астарында не жатыр? Саясаттанушы үш көшбасшыға қатысты маңызды жайттарды атады
ЖИ: Dalanews.kz

Саясаттанушы Талғат Қалиев Қытай төрағасы Си Цзиньпин, АҚШ президенті Дональд Трамп және Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, үш көшбасшының басқосуы бірқатар саяси оқиғалар аясында өтіп жатыр. Ал кездесудің ұйымдастырылуы мен дипломатиялық хаттамадағы ерекшеліктер Бейжіңнің халықаралық аренадағы ұстанымын аңғартады. Талғат Қалиевтің пікірінше, үш ел басшысының кездесуі қарсаңында тараптардың әрқайсысы бірқатар күрделі жағдайды бастан өткерді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәселен, кездесудің алдында Иран Кувейттегі америкалық әскери базаға соққы жасаған. Саясаттанушының пайымдауынша, Тегеранға ықпалы бар Қытай қаласа, мұндай жағдайдың алдын алып, ирандық одақтастарынан саммит қарсаңында жағдайды ушықтырмауды сұрай алар еді.

Алайда осы оқиғадан кейін Дональд Трамп Қытайға келіссөздер үшін қолайсыз жағдайда келуге мәжбүр болды. Бұған қоса, Конгресс сайлауындағы жеңіліс те оның келіссөздердегі ұстанымына әсер етуі мүмкін.

Қалиев Вашингтонның бұған дейін NVIDIA басшысына қатысты жанжалға да ерекше назар аудартқанын атап өтті. АҚШ тарапы оның көңілдесін Қытайдың тыңшысы деп тікелей айыптаған. Саясаттанушының сөзінше, жеке сипаттағы бұл оқиға халықаралық деңгейдегі үлкен жанжалға айналып, Бейжіңді ресми түрде теріске шығаруға мәжбүр етті. Дегенмен Қытайдың мәлімдемесіне көпшілік сене қоймаған.

Ал Ресей президенті Владимир Путин үшін де кездесу қарсаңындағы жағдай оңай болмаған. Қалиев Қырым түбегін жалғайтын Керчь көпірінің автомобиль бөлігіне зақым келгенін атап өтті. Бұл оқиға да әлемдік БАҚ-та кеңінен талқыланды. Саясаттанушының пікірінше, мұндай жағдайда Путиннің Украина аумағындағы әскери жетістіктері туралы сенімді түрде мәлімдеуі қиынға соғуы мүмкін.

Дипломатиялық хаттамадағы ишара

Талғат Қалиев Қытайдың Дональд Трампты әуежайда жеке өзі қарсы алғанына да назар аударды. Оның айтуынша, бұл Қытайдың дәстүрлі дипломатиялық хаттамасынан тыс қадам саналады. Ал Владимир Путинді Қытай төрағасы жеке қарсы алған жоқ. Ресей президентін Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Хатшылығының мүшесі Цай Ци күтіп алған.

Саммит кезіндегі ортақ суретке түсу рәсімі де саясаттанушының назарынан тыс қалмаған. Оның айтуынша, Дональд Трампқа Си Цзиньпиннің оң жағынан орын берілген. Ал Владимир Путинге саммит иесі Си Цзиньпиннің жұбайының сол жағындағы орынды өзі көрсеткен.

Қалиев Қытай секілді дипломатиялық дәстүр мен астарлы ишараға ерекше мән беретін ел үшін мұндай рәсімдердің маңызы зор екенін айтады. Әуежайда қарсы алу деңгейі, делегация мүшелерінің орналасуы мен суретке түсу кезіндегі орын тәртібі арқылы мемлекеттер бір-біріне белгілі бір саяси сигнал береді.

«Бұдан шығатын қорытынды – қазіргі геосаяси жағдайда Бейжің өзін тек Вашингтонмен тең дәрежеде санайды. Қытай қол жеткізген мәртебесінен өз еркімен бас тартуға ниетті емес», – деп түйіндейді саясаттанушы Талғат Қалиев.

Еске салайық, бүгін Қытайда Путин мен Трамптың маңызды келіссөзі басталды.