Қазақстандық халықаралық адам құқықтары бюросының мәліметінше, БҰҰ жұмыс тобы 2026 жылғы №18 қорытындысында Мұхаммедкәрімнің журналистік қызметіне байланысты бас бостандығынан айырылғаны туралы тұжырымға келген, деп хабарлайды dalanews.kz.
«БҰҰ-ның Ерікті түрде ұстау жөніндегі жұмыс тобы №18/2026 қорытындысында Думан Мұхаммедкәрімнің журналистік қызметі үшін бас бостандығынан айырылғанын және әділ сот талқылауына құқығы болмағанын анықтады. БҰҰ сарапшылары оның бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайға байланысты озбырлықтың жалғасып жатқанына да алаңдаушылық білдірді. Қорытындысында жұмыс тобы оны дереу босатуға шақырды», – делінген бюро хабарламасында.
Құқық қорғаушылардың хабарлауынша, БҰҰ қорытындысында журналисті қамауда ұстау Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының сегіз бабына (2, 3, 7, 9, 10, 11, 19 және 21-баптар) және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің алты бабына (9, 14, 15, 19, 25 және 26-баптар) қайшы келетіні көрсетілген.
Қазіргі уақытта Думан Мұхаммедкәрім Қызылордадағы колонияда жазасын өтеп жатыр.
Бұған дейін, қыркүйек айында, Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті журналистің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық екенін және оның шағымы жоқ екенін хабарлаған. Осыдан кейін қорғаушылары баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистің денсаулығына қауіп төніп тұрғанын айтып, билікке үндеу жасаған.
ҚАЖК сотталғандардың жағдайы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тұрақты бақылауында екенін мәлімдеген. Сондай-ақ журналистің камерасына белгісіз зат лақтырылды деген ақпарат бойынша жүргізілген тексеру бұл деректі растамаған.
Мұхаммедкәрім 2023 жылғы наурызда Мәжіліс сайлауы қорытындыларының бұрмалануына қарсылық білдіргеннен кейін ұсталған. Ол парламенттік сайлау нәтижелерімен келіспей, митингке шығатынын мәлімдеген соң 25 тәулікке қамалған. 1 мамырда қайта ұсталып, кейін «экстремизмді қаржыландыру» ісі бойынша екі айға қамауға алынған.
2024 жылғы 12 ақпанда Қонаев қаласында журналистің ісі бойынша сот процесі басталды. 26 ақпанда ол азаптауға ұшырағаны туралы шағым түсірді. 5 наурызда азаптау ісі бойынша жәбірленуші деп танылғаны хабарланды.
2024 жылғы 2 тамызда Қонаев қаласының соты Думан Мұхаммедкәрімді «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымға қатысу» айыптары бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырды. Журналист айыптаулармен және үкіммен келіспей, өз кінәсінің дәлелденбегенін мәлімдеген. Сот процесі жабық режимде, БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өткен.
Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары да Думан Мұхаммедкәрімді босатуға бірнеше рет шақырған. Ал биыл 2 маусымда журналист жазасын өтеп жатқан Қызылордадағы колония әкімшілігі оның денсаулық жағдайы туралы құқық қорғаушыларға ақпарат беруден бас тартқан.