Қазақстанда бал ашу, болашақты болжау және ерекше қабілеті бар екенін мәлімдейтін адамдардың басқа да қызметі туралы контентке арнайы ескерту белгісін қою міндеттелуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл ұсынысты мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында онлайн-платформалар мен масс-медиа туралы заң жобасын таныстыру кезінде айтты.
Министрдің сөзінше, өзгерістердің мақсаты - білім беру курстары мен бал ашу сияқты қызметтер туралы ақпаратты ашық көрсету және азаматтардың құқығын қорғау.
Құрылтай сайтында жарияланған құжатта заңнамаға "оккульттік қызметтер" деген ұғым енгізу ұсынылған.
Бұл ұғымға адамның немесе оқиғалардың болашағын болжауға, өзгертуге не оларға әсер етуге мүмкіндік беретін табиғаттан тыс, паранормальды немесе ғылымда дәлелденбеген қабілеттерге негізделген қызметтер жатады.
Мұндай қызметтер туралы жазбаларда олардың тек ойын-сауық мақсатында ұсынылатыны және ғылыми не тәжірибелік тұрғыдан дәлелденбегені туралы ескерту болуы керек.